Шығыс айналма жолында көлік қағып кеткен 4 жасар Мұхамедті тағы бір ауыр операция күтіп тұр. Дәрігерлер бүлдіршіннің миындағы ісікті қайтару үшін оймақтай сүйекті алып тастаған.
Ал тапа-тал түсте баланы қағып, арыққа тастап кеткен қаскөйді алматылық полицейлер әлі таба алмай жатыр.
Шығыс айналма жолындағы арықтан табылған 4 жастағы бала арада сегіз күн өткенде тілге келген. Әйтсе де, анасының айтуынша Мұхамед әлі де толық, еркін сөйлей алмайды. Ауыр жарақаттан құлан-таза айықпаған бүлдіршін ауруханада әлі екі аптаға жуық ем қабылдайды.
«Өзім айтып кеткендей, алған жарақаты өте ауыр болып саналады. Қазіргі кезде реблитациялық ем алып жатыр. Емдеу хаттамасы бойынша 14 күннен 21 күн аралығында ем алуы тиіс. Осы 21 күн арасында баланың жағдайы біраз жақсарып қалар деп ойлаймын. Бірақ толығымен жазылып кетпейді», – деді Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай ҚҰСАЙЫНОВ.
Дәрігерлер баланың миындағы ісікті қайтару үшін, сынып кеткен бас сүйектерді алып тастаған. Операция жасаған дәрігерлердің айтуынша, ми тек бастың терісімен ғана қапталып тұр. Сауықтыру шараларынан соң Мұхамедке тағы бір операция жасалып, ашық тұрған орын сүйекпен немесе пластикалық материалмен жабылуы мүмкін.
«Қазір баланың жағдайы орташа ауыр. Есін біледі, айтқан нұсқауларды ақырындап болса да орындайды. Әрине оған әлі көп ем алу қажет. Операция екі сағатқа созылды», – деді Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының нейрохирургі Николай ДЬЯЧЕНКО.
Ал қалалық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері сәбиді көлікпен қағып, қашып кеткен қаскөйді 9 күн өтседе әлі таппаған. Ұлына қастандық жасаған жүргізушінің жазаланғанын қалаған Мұхамедтің анасы сақшылардың салғырттығына наразы.
«Қаққан адамды тауып берулерін сұраймыз. Мұндай қылмыс жасаған адам жазасыз қалмауы тиіс. Бала тұрмақ, аңға да бұлай жасауға болмайды. Оншақты күн өтсе де полицейлер әлі таппадық дейді. Баламның өміріне араша түскен дәрігерлерге алғысым шексіз», – деді бүлдіршіннің анасы АЗИЗА АСКАРОГЛЫ.
Бұған дейін бүлдіршінің еміне кәсіпкерлер қажетті қаржыны төледі деген ақпарат тараған еді. Бірақ дәрігерлер қажетті ем-домның бәрі тегін жүргізіледі, операция ақылы дегеннің бәрі қауесет деді.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы