|
16.04.2018 | 21:29
2733

Алматыда велошерудің жаңа маусымы ашылды

Алматыда велошерудің жаңа маусымы ашылды

Алматыда велошерудің жаңа маусымы ашылды. Спорттық шараға 2 мыңнан аса алматылық қатысқан. Қос дөңгелекті көлікті жаны сүйетіндер 9 шақырымды еңсерді. Маусымның ашылу рәсіміне арна тілшілері де қатысып қайтты.

Биылғы веломаусымның ашылуына келгендердің қарасы қалың. Жартысынан көбі өздерінің велосипедтерімен қатысуда. Велошеру әдеттегідей Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылынан басталып, Тұңғыш Президент саябағына дейін жалғасты. Спорттық шараға қатысушылар мұндай мерекені асыға күткендерін айтуда.

Веломаусымның ашылуымен арнайы құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек қазіргі танда қалада салауатты өмір салты мен спортқа жақсы көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Алматыда бүгінгі танда 68 шақырымдық велодәлізі салынғанын айтты. Сонымен қатар, қала басшысы велосипедтерді жалға беретін «Almaty bike» жобасы қарыштап дамып, қаланың орталық көшелерінде 1730 велосипедке арналған 200 велосипед тұрақтары жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.

«Бүгін біз веломаусымды ашып шықтық. 2 мыңға жуық біздің спортшылар, жастар жиналды. Керемет жақсы велошеру болды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы 20 мыңнан астам  велоспортшылар осы марафонға қатысты. 21 велошеру өткіздік. Елбасы айтқандай, тек денсаулығы мықты ұлт қана бәсекелестікке сай болады. Сондықтан біз бәріміз, алматылықтар өз денсаулықтарымызды сақтап, осылай бір-бірімізбен араласып, қаланы гүлдендіре берейік», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Велошерудің мәресінде шараға қатысушыларға арналған концерт ұйымдастырылған. Әншілер өнерлерін паш етті. Сондай-ақ қатысушылардың арасында 20 велосипед, сонымен қатар, өзгеде бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Айта кетейік, былтыр «Спорттық Алматы» бағдарламасы бойынша қалада 21 велошеру ұйымдастырылып, 21 мың адам қатысқан болатын.


Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

сезон
Новости партнеров
Прямой эфир