Оңтүстік Қазақстан облысында «Нерест» акциясы жалғасуда. Биыл 10 сәуір мен 20 мамыр аралығында Сырдария өзені мен Шардара су қоймасында балық аулуға тыйым салынған. Уылдырық шашу кезеңінде бұл талаптың орындалу барысын тексеру үшін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының қызметкерлері күнгейге арнайы барды.
Шардара су қоймасынан балық аулау мақтаралдық тұрғындар үшін күнкөріс көзіне айналған. Тіпті, мақұлықтардың уылдырық шашатын кезінде де заң бұзушылыққа барған. Сондықтан да құзырлылар күн-түн демей қарауылдап, суға ау тастайтындарды қолға түсіріп жатыр.
«Дәл қазір балық аулуға тыйым салынған. Соған қарамастан жүзден астам заңбұзушылық анықталып отыр. 1 млн 300 мың теңгеге айыппұл салынған. Былтыр жыл қорытындысымен 300 бұзушылық анықталған. Биыл бес айдың ішінде заңға бағынбайтындар аз болмай тұр», - деді ОҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы Шардара бөлімінің басшысы Шәкен БОРАНБАЙ.
Бүгінде электр аумен, жарылғыш заттармен және дара талшықтан жасалған тормен балық аулауға тыйым салынған. Әйтсе де, әкімшілік хаттамаларда дәл осы құралдармен балық аулағандар тіркеліп отыр.
«Шұғыл профилактикалық арнайы шарасы кезінде Шардара су қоймасынан электро аумен балық аулаған жас жігітті ұстадық. Күдіктіден екі резіңке қайық пен сорғыш, электроқұрылғылар және ауланған балықтар тәркіленді. Бұл жәйт Сарыағаш аудандық ІІБ де тіркелді», - деді ОҚО жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы Айдар АСХАТҰЛЫ.
Табиғатты қорғау заң талаптарын бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі көп емес. Сондықтан болар, браконьерлер үйреншікті орындарына келгіштей береді. Қылмыстық кодексте бостандығынан айыру жазасы да болғанмен, көпшілігі әкімшілік айыппұл төлеп құтылады екен.
«Бізге жаңа қайықтар керек. Ескілері тіптен жарамсыз. Біздің бөлімнің өзіне 5-6 қайық қажет. Бідің қызметкерлер Шардара және Көксарай су қоймалары мен Сырдария өзені бойындағы талаптардың орындалуын қадағалайды. Кейде бізге еріктілер көмектеседі», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы шардара бөлімінің басшысы Шәкен БОРАНБАЙ.
Браконьерлермен күресті күшейту үшін заңсыз балық аулағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатайту қажет деп есептейді табиғат қорғаушылар. Сонда ғана оңтүстіктің фаунасына залал келмейтіндей етіп балық аулауды ұйымдастыруға болады-мыс.