Қазақ баласы шахматтан әлем чемпионы атанды

Қазақ баласы шахматтан әлем чемпионы атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық алты жасар Дінмұхаммед Төлендинов шахматтан әлем чемпионы атанды. Жаһандық жарыста отандасымыз Әзірбайжан мен Моңғолияның спортшыларын ұтып, бас жүлдеге ие болды.

Дінмұхаммед Бақытұлы шахматқа қызыққанына көп уақыт болмапты. Небәрі 5 жасында ғаламтордан аталған ойынның бейнесабағын қарап, үйренген. Қазір әкесін ойланбастан ұтатын жағдайға жетті. Баласының осы спортқа ынтасы барын содан байқадық, дейді әкесі. Кейін шахмат секциясына қатыса бастаған. Аз уақыттың ішінде үлкен нәтиже көрсетіпті.

«5 жасынан бастап шахматты өзім үйреттім кішкене. Мен өзім шахматшы емеспін. Ынтасы болды. Содан кейін шахмат мектебіне бердім. Содан бері жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. 6 жасында 1-ші дәреже алды. Біздің Алматыда ондай балалар жоқ-ау деймін», - деді Д. Төлендиновтің әкесі Бақыт ТӨЛЕНДИНОВ.

Димаш шахматты ойнағанда үлкен спортшылар секілді әдістер қолданады, дейді ұстазы. Алайда, ойын баласы болғаннан кейін бір орында ұзақ отырып жалығады дейді.

«Димаш бізге келгенде 3-ші разрядта болған. Топқа алына салысымен тез дами бастады. Бір айтқан затты тез үйреніп алады. 3 айдың ішінде 1-ші разрядты орындады. Содан кейін біз Димашпен жеке дайындала бастадық. Профессионалды түрде жұмыс істедік. Нәтижесінде, әлем чемпионы атанды. Алты жасар бала шахматтан жаһандық жарыста бас жүлде алу деген үлкен жетістік», - деді халықаралық гроссмейстер Александр КАШАШВИЛИ.

Дінмұхаммед Төлендинов 6 жасында шахматтан әлем чемпионы атанды. 7 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қарсыластарынан 1,5 балл жоғары жинап, оқ бойы озып шыққан. Жаһандық жарыста бас жүлде алғаннан кейін бірден спорт шеберіне үміткер атағын да алыпты.

«6-шы, 7-ші және 8-ші турда Димашқа өте мықты қарсыластар түсті. Әсіресе, Әзірбайжан шахматшылары қиындық туғызды. Алайда, біздің балақай үшеуін де жеңіп, чемпион атанды», - деді халықаралық гроссмейстер Александр КАШАШВИЛИ.

Қазір Димаш қараша айында Испанияда жасөспірімдер арасында өтетін жарысқа дайындалып жатыр. Аптасына 6 күн шахмат сабағына қатысып жүр. Вундеркиндтің әкесі баласының Жансая Абдумәлік секілді Қазақстанның атын әлемге танытса екен дейді.


Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров