|
15.08.2018 | 17:20
7923

Он жыл бала тәрбиесімен үйде отырған келіншек қалай полиция қызметкеріне айналды?

Он жыл бала тәрбиесімен үйде отырған келіншек қалай полиция қызметкеріне айналды?

Алматы қаласының Ішкі істер департаментінде 6 мыңға жуық адам жұмыс істесе, оның 1 мыңнан астамы нәзік жандылар. Бірі осы саланы бала кезінен армандап келсе, енді бірі тағдырдың бұйыруымен тап болғандар.

Он жылдан астам уақыт бала тәрбиесімен айналысып келген әйел бір мезетте көк форма киіп, тәртіп сақшысы бола ала ма?  

Айжан Әбішева өмірлік жолдасының жұмыс бабымен Алматыға 2005-ші жылы қоныс аударыпты. Күйеуі Ришат Әбішев қалалық Ішкі істер департаментінде қызмет етіп жүріп, 2011 жылы бәзбіреулерге араша түсемін деп кісі қолынан қаза тапқан. Отағасынан айрылған Айжан не істерімді білмей, екі қызыммен далада қалғандай сезіндім дейді.      

«Күйеуімнен айрылып қалғанда, қатты қайғырдым. Кейіннен Президенттің жарлығымен «Айбын» ордені берілді. Сол кезде Ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев болатын. Сол кісі: «Біздің естуіміз бойынша сіздің мамандығыңыз заңгер екен. Бізге жұмысқа келсең болады, бәрібір үйде отырсың ғой» деп ұсыныс жасады. Дегенмен, мен бұл жұмыстың қиын екенін бұрын да білдім ғой», – деп еске алады Алматы қаласы Алатау аудандық Ішкі істер басқармасы көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Айжан ӘБІШЕВА.

Айжан бірден ұсыныстан бас тартып, басқа жұмыс қарастыруға кіріседі. Алты ай бойы түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, түйіндеме тастайды. Алайда, оны жұмыс өтілі жоқ болғандықтан ешқайда қабылдамаған. Амалы қалмаған Айжан Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің басшысына келіп, жұмысқа алуын сұрапты.  

«Құжаттарымды жинадым, бір айдың ішінде жұмысқа алды. Түсіндіргені бойынша милициядағы ең жеңіл жұмыс осы, жасөспірімдер тәртібіне жауапты мектеп инспекторы боласыз деді. Жарайды деп бірден жұмысқа кірісіп кеттім», – дейді Алматы қаласы Алатау аудандық Ішкі істер басқармасы көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Айжан ӘБІШЕВА.

Айжан алғашында Алатау ауданының ішкі істер бөлімінде жасөспірімдердің ісі бойынша аға инспектор қызметін атқарған. Кейін Көші-қон полициясына ауысады. Әріптестері ол туралы «мамандығынан адамдығы биік тұратын, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білетін қызметкер» дейді.      

«Өз мамандығының иесі. Қандай қиын жағдай болмасын, бірден шешімін тауып, тығырықтан шығудың жолдарын іздей білетін, өз жұмысын толық меңгерген адам ғой», – деп пікір білдірді А. Әбішеваның әріптесі Нәзира ТЫНЫБЕКОВА.  

Айжан Әбішеваның қыздары аналарының бұл қызметке неліктен барғанын әлі түсінбейді екен. Ол отағасының қызметін жалғастырып, құқық қорғау органдарында ұзақ уақыт жұмыс істеймін деп бекініп отыр.


Жадыра Омаржан, Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир