Сириялық босқындарының бір тобы Иордания мен Сирияның шекарасында орналасқан Эр-Ракбан ауданындағы шатырлы лагерьде тұрып жатыр. Олардың мұнда шоғырлану себебі - өздері де, балалары да медициналық көмекке зәру. Босқындарды Біріккен Ұлттар Ұйымы ашқан осы маңдағы медициналық орталыққа алып барады.
Мекеме өткен жылдың желтоқсанынан бері жұмыс істеп тұр. 800-ге жуық науқас ем-дом алып үлгерген. Денсаулық сақтау орны күніне 250-ге дейін адам қабылдайды. Әйтсе де, шөл даланың қатаң күн райы босқындардың мұнда жетуіне кедергі келтіреді.
«Әрине, мәселе бар. Ең әуелі, өздеріңіз көріп отырғандай, маусымдық жауын-шашыннан қиындықтар туады. Одан бөлек, Сирия шекарасына жақын орналасқандықтан, қауіпсіздік жағы алаңдатады. Көмекке мұқтаж жандар мұнда жете алмай жатады», - деді Юнисеф қызметкері Бенга ЭДО.
Босқындар лагері Иордания астанасынан 330 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерден ауруханаларға дейін жету қиынға соғады. БҰҰ-ның медициналық орталығы көпшілікке аса тиімді болып отыр. Дегенмен, 70 мыңға тарта босқын мекендейтін лагерьде жағдай өте қиын.
«Мұнда мекендеу қиын, мүлде жағдай жоқ. Тіпті, айтып жеткізудің өзі қиын. Еш жағдай жасалмаған, суды тауып ішудің өзі азап. Мұнда қызыммен бірге тұрамыз. Су іздеп кеткенімде, оны көршілерге қалдырып кетуге тура келеді», - деді Сириядан келген босқын.
2011 жылдың наурыз айнын бері жалғасып келе жатқан Сириядағы азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған сириялықтардың өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр еткен. Қазіргі кезде Иорданияда 1 миллион 400 мыңнан астам Сирия босқындары бар. Олардың көбі қалаларда паналайды. Ал жүз мың адам лагерьге орналастырылды. БҰҰ өткен жылдың қараша айынан бері 150 мыңға тарта отбасына көмек көрсеткен.