Шымкенттік оқу орны түлектер таңдауына шектеу қойып отыр

Шымкенттік оқу орны түлектер таңдауына шектеу қойып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

18 шілдеден бастап еліміздің жоғары оқу орындарына құжаттар қабылдау басталды. Алайда, Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеті шымкенттік түлектерге жоғарғы оқу орнын таңдауға шектеу қойды деп ата-аналар наразылық білдірді.

Жергілікті телеарна тілшілері мәселеге араласқан соң оқу ордасындағылар деректер базасынан ақау кетті деп ақталыпты.

«Өзге қала емес, өзіміздің оқу орынды таңдауы керек». Ата-ана мен түлектердің айтуынша, Шымкенттегі танымал университеттің қабылдау комиисиясының ұстанымы осындай. Ережеге сәйкес, мектеп бітірушілер еліміздегі өздері қалаған бір немесе бірнеше оқу ордасынан 4 мамандықты белгілей алады. Алайда, қабылдау космиссиясындағылар тізімде ең бірінші М. Әуезов атындағы университетті таңдауы керек, әйтпесе жалпы жүйе ақпаратты қабылдаудан бас тартады депті. Ал жоғары балл жинаған түлектердің көбісі Алматы мен Астананың оқу орындарына тапсырғысы келеді.

«Менің қызым жоғары балл алған. Енді Алматыда оқығысы келеді. Бүгін құжат тапсыруға келсек, тек ОҚМУ-ді таңдайсыздар дейді. Біз таңдаған мамандық жоқ десем, онда сол Алматыңызға барып тапсырыңыз деп отыр», – дейді ата-ана Ақмарал МҰХАШЕВА.

Ал М. Әуезов атындағы оқу ордасы қабылдау комиссияның хатшысы түлектерге мұндай талап қою мүмкін емес дейді. Оның айтуынша, деректер базасы жұмыс істемей, салдарынан құжат қабылдай алмай отыр екен.

«Бүгін Ұлттық тестілеу орталығының базасы ашылмай тұр. Биылдан бастап құжат қабылдау онлайн режимде жүргізіледі. Яғни, бұрынғыдай белгілейтін қызыл бланк жоқ. Онлайн режимде сертификат нөмірін терген кезде сол жерден фамилиясы шығады. Соған мамандықты көрсету қажет. Ол бізде қазір ашылмай тұр», – деді М. Әуезов атындағы ОҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұрат АЙТӨРЕЕВ.

Орталық базада ақаудың болған-болмағанын анықтау үшін Білім және ғылым министрлігіне сұрау салдық. Баспасөз хатшысы кеше базада ақаудың болғанын растады. Алайда оның құжат қабылдауға еш қатысы жоқ екен. 

«Кеше деректер базасында ақау болды. Бірақ ол құжаттарды қабылдауға еш әсер еткен жоқ. Барлығы штаттық режимде жүрді. Бүгін де барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде», – деп жауап берді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Арман ЖҮНІСОВ.

Ереже бойынша түлектер кез келген қаладан қалаған жоғарғы оқу орнын және мамандықты таңдауға құқылы. Мәселен, Алматыдағы білім ошақтарының басшылары да «құжаттарды міндетті түрде келіп өткізудің қажеті жоқ» деп отыр.

«Өңірден келіп тапсырудың қажеті жоқ. Кез келген облыстарда қабылдау комиссияларына барып, біздің университетті көрсетсе сол жеткілікті», – деді

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің проректоры Убайдилла ДАТХАЕВ.

Жадыра Омаржан, Тоғжан Аман, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Новости партнеров