Алматыдағы Тимирязев көшесінде БРТ желісі іске қосылды

Алматыдағы Тимирязев көшесінде БРТ желісі іске қосылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қоғамдық көліктердің біразы енді кептелісте тұрмайды. Бүгіннен бастап Мұстафин-Сүлейменов-Жандосов-Тимирязев көшесінде БРТ желісі іске қосылды. Осының арқасында темір тұлпар тығыны және жол апаты азаяды.

Ал автобус пен троллейбустар жүйіткіп, жолаушылар легі едәуір арта түседі. Қараша халықтың бұл бастамға көзқарасы қандай?  

«Оңай» бақылаушылары қоғамдық көліктерге басымдық берілген БРТ желісін халыққа түсіндіруде. Жобаның ерекшелігі мен аялдаманың орналасу тәртібіне де тоқталды. Одан бөлек, естелік сыйлықтар да табыстады.

Жаңашылдықтың ерекшелігі – қоғамдық көліктер енді жолдың ортасымен жүреді. Ал бұрын жолақтар шетте болатын. Соған сәйкес, аялдамалар да тура жолдың қақ ортасында орналасты. Жобаның бірінші кезеңі жоғары оқу орындары көп шоғырланған көше бойында іске қосылды. Енді студенттер білім ордасына қатынау үшін ұзын-сонар кептелісте тұрмайды, діттеген жеріне жүйіткіген автобуспен лезде-ақ жетеді. Сәйкесінше, қоғамдық көлікті аялдамада ұзақ күтуге себеп жоқ.

Арлы-берлі ағылған жаяу жүргіншілерді сөзге тартып көргенімізде, бірі: «Жол жақсы болғандықтан, енді автобустар кептеліссіз, тез жүреді. Бірден аялдамаға келіп, автобусқа отыра саласың», деп қуанса, енді бірі: «Таңертең көлік кептелісі бола бермейтіні жақсы. Үйден қатынағаннан кейін сонысы ыңғайлы болып тұр», деп ризашылықтарын жеткізді. Тағы бір жаяу жүргінші: «Халық қоғамдық көлікте көп жүреді. Қала әкімдігінің халықтың кептелісте тұрмай, жолы ашық болғанын, қоғамдық көлік арқылы діттеген жеріне тез жетуін ойластырғаны өте құптарлық жай. Оның үстіне, қаланың ауасы таза болуы үшін, халықтың бәрі жекеменшік көліктерінен түсіп, қоғамдық көлікке отырса деген ниет қой», деп пікір білдірді.

Жоғары жылдамдықтағы БРТ желісі Мұстафин – Сүлейменов – Жандосов –Тимирязев көшелерінде жұмысын бастады. Күнде осы аталған аумақ бойынша 17 бағытта 286 автобус және троллейбус қатынайды. Бұл қоғамдық көліктер кем дегенде, күніне 200 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы.

«Көлік жүйесіндегі бұл реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қоғамдық көлікке деген сұраныс артып келеді. Себебі жеке көліктер саны ұлғайған сайын, кептеліс көбейеді. Сондықтан қоғамдық көлікпен қатынаған жылдамырақ. Өйткені, автобустарға арналған арнайы жолақтар, БРТ желісі іске қосылуда», – деді «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС директоры Садир ХАМРАЕВ.

Сарапшылардың сөзінше, БРТ желісін іске қосу арқылы жолда жүру уақыты 3 есе қысқарып, жолаушылар легі 40 пайызға артып, ал көлік апаты екі есе кемиді.


Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров