Бишімбаевтың қорғаушылары жемқорлықпен күресуші Ұлттық Бюроның сөзін жоққа шығарды​

Бишімбаевтың қорғаушылары жемқорлықпен күресуші Ұлттық Бюроның сөзін жоққа шығарды​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары жемқорлықпен күресуші Ұлттық Бюроның «Мемлекетке келген 1 млрд 200 млн теңге шығынды қайтардық» деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Айтуларынша, құзырлылар экс-министрдің еңбегін өз пайдасына қолданған. Адвокаттардың айтуынша, бюджетке төленген қыруар қаржыны, Қызылорда облысындағы шыны зауытының құрылысына кепіл болған банк қайтарған. Құрылыс аяқталмаған жағдайда, мемлекет қазынасына осы соманы қайтаруға банк әу бастан міндеттеліпті. Айта кетейік, шыны зауыты төңірегінде шыққан жанжалды іс бойынша бүгінде, Бишімбаевты қоса алғанда, 23 адам жауапқа тартылып отыр. Жиырмасы өз кәнісін мойындаған. Ал, экс-министр мен тағы екі күдікті тағылған айыптармен келіспепті.

«Жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің бұл тұста жасырар құпиясы бар. Былай қарағанда, қандай шығын келді? Кінәлілер тарапы оны қайтарды ма? Шынын айтқанда, күдіктілер тарапынан 1 млрд 200 миллион теңге көлемінде ешқандай қаржы қайтарылған жоқ. Бұл зауытты қандай да бір табиғи апаттан, зілзаладан,болмаса түрлі жағдайдан сақтандырудан түскен қаржы. Демек, кепіл болған банк тек соны өтеді. Ал, жемқорлықпен күрес бюросы оны біз іске кіріскеннен кейін қомақты сома қайтарылды деп, өздеріне таңып отыр»,- деді Адвокат, Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ.

Айта кетейік, бұрынғы министр үстіміздегі жылдың 12-қаңтарында ірі көлемде пара алды деген күдікпен тұтқындалған болатын. Жуырда оның ісі шеңберінде мемлекетке 1 млрд 200 млн теңге көлемінде шығын қайтарылғаны мәлім болды. Кейін, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» Ұлттық Бюросы тергеу департаментінің орынбасары Олеся Кексель бұл соманы тікелей Қуандық Бишімбаевтың қайтарғанын жоққа шығарды. Ресми түсініктемеге сүйенсек, істің өзге фигуранттары мемлекетке келген шығынды ерікті түрде қайтарған. Айталық, «Бәйтерек Девелоупмент» Акционерлік Қоғамының бұрынғы төрағасы 366 миллион теңге көлемінде алған параны бюджетке төлеген. Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот 31-ші қазанда басталады. 

Новости партнеров