Қызметте жүріп қаза болған полицейдің артында екі қызы қалды

Қызметте жүріп қаза болған полицейдің артында екі қызы қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызметте жүріп қаза болған полицейдің артында екі қызы қалды. Ал, әйелі үшінші сәбиіне жүкті екен. Кеше кешке Алматы-Қапшағай тас жолындағы экопостта мерт болған сақшы, үлгілі ісі мен үздік. Әрі, сегіз қырлы бір сырлы болған деді әріптестері. Полиция капитаны Жандос Нұрғазиев ертең жер қойнына тапсырылады.

Күндіз-түні көлік ағыны тоқтамайтын Алматы-Қапшағай тас жолында кеше кешкі 5-тер шамасында жедел әрекет ету жасағының капитаны көз жұмды. Жандос Нұрғазиевты қызмет барысында қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк көлігі қағып мерт қылған.

«Жантүршігерлік оқиға Алматы-Қапшағай тас жолының 3-ші шақырымында орналасқан полиция бекетінің тура алдында болған. Әріптестерінің айтуынша,  Жандос Нұрғазиев жол бойында тәртіп бұзғандарды бақылауға шыққан өзге де полицейлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған. Алайда, оқыс оқиға орын алды. Камаз соққысының қаттылығынан сақшы тура жол бойында тіл тартпай кеткен»,- деді Тілші, Айдана МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ.

Қызметін мінсіз атқарған жауынгерді әріптестері енді тек осы бейнекадрлер арқылы сағынышпен еске алуға мәжбүр. 2009 жылдан бері Ішкі Істер Департаментінің жедел әрекет ету жасағында қызмет еткен сақшы өзінің табандылығы мен ержүректігінің арқасында көзге түскен. Одан қалды бірнеше аспаптың құлағында еркін ойнап, өнерімен талайды тәнті етіпті. Жандос Нұрғазиевты білетіндер жұмысына адал, әрі жауапкершілігі мол еді дейді. Полицияның қоғамдық шараларына да етене араласыпты. Бастапқыда Ішкі Істер Департаментінің хорында ән салса, кейін «Сақшылар» квартетінде өнер көрсеткен. Өнерлі полицейдің мезгілсіз қазасы әріптестерінің қабырғасын қайыстырды. 

«Бұл насихаттау, полицияның иммиджін көтеру мақсатын түсіне білген бала. Осы қазіргі сәтте есіме алайын десем, осындай ескерту жасадым ба мен бұл жігітке бір тәртіпті бұзды ма деп ойлансам, бұндай жағдайды таба алмай тұрған сияқтымын. Өйткені, әрдайым адал, жауапкершілігі мол, күлімдеп алдыңа келіп әрдайым құп болады деп берген тапсырманы орындайтын жігіт. Ешқашан тәртіпті бұзбаған, алда тұратын, алға қойған мақсатты білетін жігіт деп ойлаймын»,- деді ІІД кадрлық жұмыс басқармасының тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы, Альбина МАХАМБЕТОВА.

Жедел әрекет ету жасағының қызметкері қаза тапқанда, оның қасында экопостта бірге кезекшілікте тұрған екі полицей болыпты. Алдын-ала болжам бойынша, Жандос Нұрғазиевты қаққан жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие ала болмай қалған. Қазір болған оқиғаның мән-жайы жіті тексеріліп жатыр. 

«Аталмыш дерек Қылмыстық Кодекстің 345 бабының, 3 тармағы бойынша тіркелген болатын бірыңғай реестрде. Қазіргі таңда үлкен автокөліктің тізгінінде отырған 87 жылы туылған Б. есімді азамат қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128 бабының нормаларына сәйкес уақытша оқшаулау абақтысына қамалған болатын»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.¤

Жандос Нұрғазиев 1986 жылы Панфилов ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген. Жарқын жүзді, биязы полицей үйінің жалғыз баласы еді. Енді оның артында екі қызы мен ауыр аяқ әйелі қалды. Марқұммен қоштасу ертең өзінің туған жерінде өтеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров