|
21.06.2018 | 17:20
7186

Алматы көшелеріндегі билбордтарға ерлік жасаған тәртіп сақшыларының суреттері ілініп жатыр

Алматы көшелеріндегі билбордтарға ерлік жасаған тәртіп сақшыларының суреттері ілініп жатыр

Қылмыскермен қақтығыста қашпай, бастарын қатерге тіккен полицейлер ұлықталды. Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы көшелеріндегі билбордтарға ерлік жасаған қызметкерлердің суреттері ілінді. Тақтайшада міндетін адал орындап, ұлт қалқаны болған полицей туралы ақпарат көрсетілген.

Жыл сайын 23 маусым Қазақстан полицейлері кәсіби мерекесін тойлайды. Биыл бұл күн қарсаңында ерлік жасаған алматылық сақшылардың есімдері ұлықталды. Олардың әрқайсының суреттері қала көшелеріндегі билбордтарға ілінді. Мәртебелі тізімде 2014 жылы тас жолда жарылған құбырдың қайнаған суына түсіп, күйген адамды құтқарам деп оңбай жарақаттанған Руслан Нұрғожаев та бар. Райымбек батыр мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы ыстық су құбыры жарылғанда, бірінші болып көмекке келген Руслан шұңқырда шала-жансар күйде жатқан адамды сыртқа алып шығады. Бірақ қос аяғын күйдіреді.

«Кенет жаңағы будың арасынан жанайқай дауыс шыққанын естідім. Сол мезетте будың ішіне қарай жүгіріп кіріп едім, астында ыстық су бар екен. Жаңағы адамды іздеп таба алмай айқайлап жатқан даусымен бағдар алып келіп жақындап тапсам, адам арықтың ішінде жатыр екен тұра алмай. Шыға алмай жатыр екен. Еңкейіп едім ыстық су екен. Күйіп жатқанын байқадым да көтеріп, көтеріп сыртқа шығардым»,-деді Алматы қаласы Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының аға сержанты Руслан НҰРҒОЖАЕВ.

Бойына тектілік пен қайсарлық біткен полицей сол сәтте қара басының қамын ойламайды. Бар мақсатым - адамды құтқару болды,-дейді. Сақшы осы шапшаңдығының арқасында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ал батырлығы басқаларға үлгі етілді.

«Енді анандай айқайды естіп жатқаннан кейін ондай ойымызға да кіріп шықпайды екен. Бірінші кезекте адамды аман алып қалу болды. Ойыма ештеңе келмей бірден кіріп кеттім»,-деді Алматы қаласы Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының аға сержанты РУСЛАН НҰРҒОЖАЕВ

Қиын да жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып, есімі елге танылған келесі полицей Ұлан Қабылов. Ол 2016 жылы 18 маусымда  полицейлерді атып, он адамды өлтірген Күлекбаевтың оғынан жарақат алады. Сол күнгі сұмдықты Ұлан қазір 15 жылдық жұмыс тәжірибесінде басқа түскен ең ауыр сынақтың бірі деп біледі.

«Ең қиыны Руслан Күлекбаевтың ішкі істер органына қарсы шабулында болды. Сонда жарақат алдым. Қасымдағы қызметкерім, әріптесім қаза болды. Іш құрылысыма тиді бір оқ, екінші оқ аяғымды жаралады»,-деді Алматы қаласы жол-патрульдік полициясы рота командирінің орынбасары Ұлан ҚАБЫЛОВ.

Бейбіт күнде бүлік шығарған қандықол қылмыскердің кесірінен талай әріптестерінің мезгілсіз қаза тапқаны Ұланның жанын жегідей жейді. Бірақ ол еңсесін тіктеп қызметіне қайта оралады. Ұлт қалқаны болуды бала кезден арман еткен сақшы, 25 жасында құзырлы органға қабылданады. Еңбек жолын кинолог инспектордан бастаған Қабылов, бүгінде жол-патрульдік полициясының беделді қызметкерінің бірі. Оның негізгі міндеті - тас жолда тәртіп бұзғандарды тезге салатын сақшылардың жұмысын қадағалау.

Ұлан Қабылов қиындығына қарамастан, қызметіне адал. Ол полицей болу үшін - табандылық, төзімділік, қырағылығық пен шапшаңдық қажет екенін алға тартты. Ал пагон таққандардың басты борышы - халыққа қорған болып, қылмыскермен күресуге сақадай сай жүру,-дейді. Күн-түн демей қоғамдық тәртіпті күзетіп, қауірт қызметте жүретін отағасының амандығын үйдегі жан жары мен 5 баласы тілеп отырады. Балалары әкесі жұмыста жүргенде, жандарын шүберекке түйіп жүреді екен. Өзі де, қолы қалт етсе, уақытын отбасымен өткізуге тырысады. Бірақ ондай мүмкіндік темірдей тәртіп иесінде көп бола бермейді екен.

«Полицейдің жары болу өте қиын. Күн-түн демей қызметте жүреді, жұмыстары қауырт. Шұғыл шақырту келсе барлығын тастап жұмысына қарай асығады. Ал біз балаларымызбен алаңдап, оның үйге аман оралуын тілеп отырамыз. Қауіпті қызметте жүргендіктен соң үнемі уайымдап жүреміз»,-деді Ұлан Қабыловтың жары Жанар РАЙЫМБЕКОВА.

«Мен папаммен мақтанамын. Себебі ол өте батыр және ештеңеден қорықпайды. Папам сияқты полицейский болғым келеді. Себебі менің папам өте көп батырлық жасады. Мысалы, ол ана кездегі террактта болған адаммен күресіп, шықты»,-деді Ұлан Қабыловтың ұлы Руслан ҚАБЫЛОВ.

Күлекбаевтың шабуылына шыдас беріп, қоғамдық қауіпсіздікті лайықты қамтамасыз еткен полицей бұл ерлігі үшін екінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталады. Бір ажалдан аман қалған сақшының бұл сыйлығын бүкіл отбасы қастерлеп, мақтан тұтады. Айта кетсек, батырлық пен ерлікке бай Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 26 жыл толады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир