Талғарда ұстаздар жаппай флюорографиялық тексерістен өтуде

 Талғарда ұстаздар жаппай флюорографиялық тексерістен өтуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының, Талғар ауданында түбіркүлезге шалдыққан мұғаліммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы жаппай дәрігердің тексерісінен өтеді. Оның ішінде бірінші сыныптың 22-оқушысы да бар. Өйткені, балаларға ауру жұғуы мүмкін деген қауіп бар.

Қарамағындағы мұғалімнің жұқпалы дертке шалдығып, шиеттей балаларға сабақ беріп келгенін жуықта бірақ білген мектеп директорының төбесінен жай түскендей. Қан қысымы көтеріліп, камераға сұхбат та бере алмаған басшы, қазір жағдай тұрақты дегеннен ары аспады. Талғардағы №8 гимназияның 1 сынып оқушыларына сабақ беріп жүрген ұстаз, өткен айдың 17-сі күні қатты сырқаттанып, жұмысқа шықпапты. Ал, ай соңында оның түбіркілезбен ауырғаны белгілі болған. Бұл жайтты естіген соң аудандағы білім бөлімі аяғынан тік тұрып, мектепте тазалық шараларын күшейтіпті. Әсіресе, мұғалім тығыз қарым-қатынаста болған бірінші сыныптың 22 оқушысы дəргелердің қатаң тескеруінен өткен.

«Бірінші сыныптың оқушылары өзіміздің фтизиатр дәрігермен қаралып жатыр. Бәрі тексерілді. Мұғалімдер қайтадан флюорографиядан өтіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін мектепте барлық кабинеттерге обработка жасалды. Демалыстан кейін оқушылар енді сабаққа келіп жатыр», - деді Алматы облысы Талғар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат ҚҰРМАНБАЕВА.

Аудандық білім бөлімі өкілінің айтуынша, 37 жастағы ұстаз бұл білім ошағында 1 жылдан бері қызмет істейді екен. Ол сабақ маусымы басталатын кезде жекеменшік емханадан флюорографиялық тексерістен де өтіп, санитарлық кітапшасын көрсетіпті. Алайда, денсаулығынан еш кінәрат байқалмаған. Қазір жұқпалы дертке шалдыққан ұстаз ауруханада ем қабылдап жатыр. Ақ халаттылардың сөзінше ол туберкулезге қарсы диспансерде ең кемі 6 ай жататын көрінеді.

«Науқас туберкулездің жабық түріне шалдыққан, сондықтан елге жұғатындай қауіп жоқ. Дегенмен, жеке емхананың дұрыс жұмыс істегеніне толық көз жеткізу үшін біз олардан флюорографиялық тексерістен өткен мектеп жасындағы оқушылар мен ұстаздардың барлығын қайта тексереміз», - деді Алматы аймақтық туберкулез диспансерінің директоры Ержан СҮЛЕЙМЕНОВ.

Жұқпалы ауруға шалдыққан мұғалім  қарым-қатынаста болған оқушылардан бөлек, ұжымдағы 90 оқытушы да тексеруден өтеді. Ертеңнен бастап мектеп аумағына арнайы машина келіп, ұстаздардың денсаулығын біртіндеп қарамақ. Ал, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар жақын арада Талғар ауданындағы білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлерін, оның ішінде мектеп пен балабақша тәрбиешілерін де тексеретінін жеткізді.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров