Тамара Дүйсенова: «Абу-Даби Плаза» жұмысшыларына өтемақы төленеді

Тамара Дүйсенова: «Абу-Даби Плаза» жұмысшыларына өтемақы төленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Абу-Даби Плаза» құрылыс алаңында жұмыссыз қалған 400-ге жуық құрылысшының мәселесі бүгін Үкімет мінберінде көтерілді. Мән-жайды түсіндірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова нәпақасыз қалғандар 400 емес, тек 62 жұмысшы, деді. Құрылысшылар зәулім ғимаратты тұрғызу жұмыстарының аяқталып қалуына байланысты қысқарыпты. Әйтсе де, жұмыстан шығаруда олардың хұқы тапталды ма?

Астанадағы «Абу-Даби Плазада» күні кеше үлкен шу шыққан еді. Құрылысшылардың айтуынша, 400-ге жуығы басшылықтың еш ескертуінсіз жұмыстан босатылған. Себеп-салдарын жете түсінбеген жігіттер қыс ортасында барар жер, басар тауымыз жоқ, деді.  

«Мен сенбі түнгі кезекшілікке түскем, жексенбі таңда шығамын. Бейджик істемей қалды. Ешқандай ескерту болған жоқ. Жұмыстан шығарып тастап жатыр. Біз сонда қайда барамыз қақаған суық күнде? Менің бала-шағам бар, кредитім бар. Екі мың шақырымнан келіп отырмын», - деді жұмысшы Мақсат АХМЕТ.

Әзірге белгілісі, жұмыстан қуылған азаматтарды отандық төрт мердігер компания қатарына  алған. Дегенмен, еңбек кодексі бұзылды деген жұмысшылар прокуратура мен «Нұр Отан» партиясынан арыз жазыпты.

«Біз құрылыс компанияларының өкілдерін шақырып, әкімдіктегі әріптестерімізбен бірге сөйлесеміз. Егер сіздер айтқандай,  шынында да қаншама адамды  жұмыстан негізсіз шығарса, мәселені шешеуге көмектесеміз», - деді «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Владислав СЕРГЕЕВ.

Осы жағдайға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова пікірі білдірді. Министр жұмыстан босатылғандардың саны 400 емес, 62 адам деді. Ал аяқ асты туындаған даудың төркіні құрылыс алаңындағы тиісті шаруаның аяқталуымен тікелей байланысты екенін айтты.

«Біріншіден, әрбір азаматты жұмысқа шақырған кезде, шетелдік болсын өзіміздің азаматтар болсын, уақытын белгілеген. Сізбен біз келісім шартты 3 айға белгілейміз деп. Сол уақыт тәмамдалғаннан кейін ол біздің елдің азаматы ма, басқа елдің азаматы ма, жұмыстан шығуы керек. Ал еңбек шарты 1 жылға белгіленген болып, ортасынан шығарып жататын болса, онда мен сіздермен келісетін едім. Сондықтан біз еңбек инспекциясының жұмысын ақырына дейін күтейік», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.

Билікке дейін жеткен дауды қалалық әкімдік өкілдері де қатаң қадағалап отыр. Ал бас мердігер компания қосалқы мердігерлерді құрылыстың тәмамдалуына орай, алдын ала жұмысшыларды  ескертуін сұрапты-мыс.

«Кешегі келіспеушілік бойынша, 4 компанияның жұмыс көлемі аяқталуға жақын. «Абу-Даби Плаза» 19 қаңтарда қосалқы мердігерлік компаниялар басшыларына жұмыс көлемі аяқталып қалағанын ескертті. Сол себепті біздің азаматтардың құқығының бұзылғаны туралы айта алмаймыз», - деді Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек ОСПАНОВ.

Тамара Дүйсенова заң бойынша жұмыстан шығарылған 62 азаматқа орта есептік жалақы көлеміндегі өтемақы төленеді, деді. Қазір еңбек инспекторлары келісім-шарты біткендер жайлы 4 компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Жалпы, қазір құрылыс алаңында 11 компания жұмыс істеуде. Бүгінде «Абу-Даби Плазада» 4 мың 450 адамның 3 мың 288-і штатта шарт бойынша еңбек етеді.


Новости партнеров