Қазақстанда төртінші мұнай өндіру зауыты салынбақ. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. Зауыттың орны күзге қарай анықталады. Мәжілісте өткен жиында министр жанармай бағасына да қатысты пікір білдірді.
Депутаттар бұл жолы Энергетика министрінің айтарына құлақ асып, жаңа ұсыныстарына зер салды. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі артады. Биылдың өзінде соңғы 4 айда өндірілген қара алтын көлемі 30 млн тоннаға жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Осы жылы өнім көлемі 87 млн тоннаны құрамақ. Ал 2020 жылға дейін мұнай көлемі жылына 26 млн тоннадан 39 млн тоннаға жетеді деген болжам бар.
«Болашақта Қарашығанақты игеру жоспарда бар. Қазіргі таңда өндіріп отырған мұнай көлемін сақтап тұру бойынша жұмыстар қолға алынған. Жобалар 2020 жылға дейін іске асады. Инвестиция көлемі 1,5 млдр долларды құрайды. Мұнай өндіру жыл сайын артып отырады», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Осыған орай, отандық мұнай өндеу зауыттары да өнімді көбейте түспек. Жақын уақытта ел нарығын толыққанды сапалы жанармаймен қамтиды. Қазіргі таңда мұнай өнімдері республикада, нақтырақ айтқанда жағармай - 90, дизельдік отын-90, авиа жанармай 58 пайыз деңгейінде. Бүгінде 3 зауытта да жөндеу жұмыстарын автоматтандыру жүйесі қолға алынған. Демек, жыл сайынғы 45 күнге жабылатын мекеме енді тек 20 күнге жұмысын тоқтатады. Ол өз кезегінде орта есеппен өнім көлемін 300 мың тоннаға жеткізуге септеспек. Осы тұста Қанат Бозымбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын ашу мәселесіне тоқталды.
«Елбасы тапсырмасы бойынша, зауытты салу аймағын анықтау негізінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Онымен «Қазмұнайгаз» компаниясы айналысып жатыр. Жұмыс тобын өзім басқарамын. Күзге қарай нақты қай жер, қанша көлемде қаржы тартылады және қандай өнім өндіру керек деген сұрақтарға жауап беретін боламыз», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Ведомство басшысы бензин бағасына қатысты да пікірі білдірді. Министрдің айтуынша, Қазақстан жанармайы ең арзан 12 елдің ішінде.
Дизельдік отын бойынша 14 орында. Бұл халықаралық тәуелсіз агенттіктер беріп отырған мәлімет көрінеді.
«Мен мұнай өнімдері бізде қымбат деген мәселелерді жиі естимін. Тәуелсіз агенттіктер осы бағытта ай сайын бақылау жүргізіп отырады. Жанармайы арзан Венесуэла, Иран, Кувейт пен Түркіменстан ғана. Дизельдік отын бойынша 167 елдің ішінде бізден арзан тек 13 мемлекет бар», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
«Сарыарқа» газ құбырын жүргізу мерзімі де тілге тиек етілді. Белгілі болғандай, биыл шілде айында ресми түрде құрылыс жұмыстары басталмақ. Алдымен қолға алынатын Қызылорда-Жезқазған -Қарағанды-Теміртау -Астана бағыты бойынша құбырлар жүргізуді келер жылы аяқтау көзделген. Министрдің сөзінше, жұмыстың бірінші кезеңіне 267,3 млрд теңге жұмасалады. Әрі, 171 елді-мекенді табиғи отынмен қамтиды.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан