Мұғалімнің қызына қол жұмсаймын деп оңбай таяқ жеді. Алматы облысы Байсерке ауылындағы №9 мектептің мұғалімі қызына қол көтерген 7-ші сынып оқушысын аяусыз сабап тастаған. Ұстаздың бұл әрекетін сонда отырған оқушылардың бірі телефонына түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып жіберген. Осыдан соң, оқушыны ұрған ұстаз жазасыз қалмай, жұмысынан қуылды.
Бұл Алматы облысы Байсерке ауылындағы №9 мектептің қабырғасында болған сұмдық жайт. Оқиға 23 желтоқсан күні болған. Сол мектепте жұмыс жасайтын химия пәнінің ұстазы Мамедалиева Мира үзіліс уақытында сыныпқа кіріп 7-ші сынып оқушысы Диас Білалды осылай бұрышқа тығып-ап, төпелей жөнелген. Белгілі болғандай, сол күні Диас мұғалімнің қызы Әминаға қол жұмсапты. Осыдан соң, анасы қарап қалмай қызын жылатқан оқушыны тоқпақтап кек қайтаруды ұйғарыпты.
«Балам сараптама өтуден бас тартты. Бірақ басы кішкене ісіп келді, сондай-ақ мойнында тырнақтың жырып кеткен ізі болды. Менің ашуымды қатты келтіргені, ол мұғалім баламнан әлі күнге кешірім сұрған жоқ. Ол тек өзінің қара басын, яғни жұмыстан шығып кетпеуін ойлады», - деді Диастың анасы Сәуле ҚОЖАХМЕТОВА.
Жұмыстан қуыламыз деп қорыққан бірнеше ұстаз, мектепте болған бұл жайтты барынша жасырып қалуға тырысыпты. Олар оқиға жайлы тіпті директорға да тіс жармауға бекінген.
«Мен өзім де кеш естіп қалдым. Химия пәнінің мұғалімі Мамедалиева Мира осылай ата-ана ретінде баласының несін қорғаймын деп келіп баланы ұрып отыр, Диасты. Оны өзіміз де жай естіп қалдық та сондай болды. Оны ағайға айтайық дедік те, бәрі кеш болып кетті, алтыншы сабақта естіп қалдық», - деді Диастың сынып жетекшісі Ләззат ЖАҚСЫБАЕВА.
Десе де, Диастың ата-анасы ертесіне-ақ мұғалімнің бассыздығын директорға хабарлап, оған тиісті шара қолдануын сұраған. Мектеп ішінде мұндай сұмдықтың болғанынан хабарсыз болған басшы Диасты ұрып жатқанда араша түспей, оқиғаны жасыруға тырысқан ұстаздардың барлығына тиісті шара қолданыпты. Ең ауыр жаза оқушыға қол жұмсаған мұғалімге берілді. Оның 18 жылдық жұмыс өтілі бар білікті ұстаз, әрі 2 баласының жалғыз асыраушысы болуына қарамастан жұмыстан қуылды.
«Мамедалиева Мираны Еңбек Кодексінің 52 бабы, 14 тармағы бойынша жұмыстан босаттым. Ал, оның жанында болған мұғалімдерге қатаң сөгіс қолдандым және сынып жетекшісін сынып жетекшілік қызметінен босаттым дер кезінде хабарламағаны үшін. Өйткені, ол кісі сол күні хабардар болған сынып жетекшісіне оқушылары айтып барған. Мектеп әкімшілігіне хабарламағаны үшін сондай шара қолдандым», - деді Байсерке ауылы №9 орта мектептің директоры Ғабидолла НҰРМҰХАНБЕТОВ.
Қазір аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодексінің 107 бабымен, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталып кетті.
«Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Номер 9-шы орта мектебінің директорына қатысты және мұғалімге қатысты қолданған шаралар бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр», - деді Іле аудандық прокуратурасының аға прокуроры Алмас АЛМАБАЕВ
Прокуратура қызметкерлерінің сөзінше, бұл іс сотқа жетпей, яғни қылмыстық емес азаматтық тұрғыда қаралуы мүмкін. Сондай-ақ тараптардың ымраға келуінің арқасында тоқталуы да мүмкін дейді.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы