Алматыдағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы болып өзгертілді

Алматыдағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы болып өзгертілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында тарихи шешім қабылданды. Тұңғыш президент күні қарсаңында Фурманов көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді. Шешімді VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдады. Әкімдіктегілер бұл өзгерісті халықтың ұсынысы негізінде жүзеге асқандығын мәлімдесе, қала аумағындағы 112 көшеге де жаңа атау берілді.

Мәслихат депутаттарының мейрам алдындағы бұл басқосуы тарихта қалары сөзсіз. Себебі, Алматыда алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын жаңа даңғыл пайда болды. 

Фурманов көшесін Назарбаев атындағы даңғылға ауыстыруы 1-ші желтоқсан Тұңғыш Президент күніне қарай орайластырылғаны кездейсоқтық емес. Өйткені, 1991-ші жылы 1-ші желтоқсан күні жалпыхалықтық президент сайлауы өткен болатын. Ұлықтау рәсімі де осы қалада өтті. Бұдан бөлек, ел тарихындағы маңызды саяси шешімдердің барлығы осы қалада қабылданғаны ешкімге жасырын емес. 

Өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек орталықтағы Фурманов көшесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау ұсынысы халық тарапынан қолдау тапқандығын баса айтты. 

«Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі». Біздің қаламызға бұл бағаны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі берген еді. Әрбір Қазақстан азаматы үшін қастерлі ұғым - ел Тәуелсіздігін сүйікті қаламызда Нұрсұлтан Назарбаев жариялады. Содан бергі ширек ғасырдан аса уақыт ішінде мемлекетті адам сенбестей нығайтты, төрткүл дүниемен тереземізді тең етті. Осындай аса ауқымды тарихи міндеттерді жүзеге асырудың бірден-бір бастамашысы әрі кепілі болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қала тарихында жарқын бейнеленіп, ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Маңызды шешім туралы алматылықтардың да ойын білдік. Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған шаһарда тұңғыш президенттің есімімен аталатын көшенің болғаны дұрыс шешім дейді.

Бұдан бөлек, Мәслихат шешімінде Алматыда 112 көшеге жаңа атау да берілді. Қала аумағына қосылған елді мекендерде 457 көше анықталса, оның 337-нің атаулары бүгінге дейін қайталанып келген. 

«Осы жолы қайта атауға ұсынылған 112 көшенің 43-не қайраткер тұлғалардың есімін, 69-на тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру ұсынылып отыр»,-деді Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі, Мамай АХЕТОВ.


Новости партнеров