28-қысқы Универсиада ойындарының өтуі күн санап жақындап келеді. Бүгінде төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі сайысты бір миллиардқа жуық көрермендер тікелей эфир арқылы тамашалайды деп жоспарлануда. Ал, Алматы қаласындағы ең үлкен 24 мейрамхана спортшылар мен қала қонақтарын күту мүмкіндігіне ие болып отыр. Тіпті, сала мамандары шет елден арнайы білікті аспаздар шақыртып түрлі-түрлі тіл үйіретін тағамдар әзірлемек. Айта кетейік, Универсиада 2017 ойындарының өтуіне небәрі бес күн қалды. 12 түрлі қысқы спорт түрінен өтетін сайысқа 57 мемлекеттің спортшылары қатысады.
«Қазір біз елімізде өтетін дүбірлі жарысты асыға күтіп отырмыз. Мейрамханамызда тікелей эфирде ойындарды көрсету біз үшін үлкен құрмет. Тек, жерлестеріміз еліміздің намысын қолдан бермесін деп тілейміз. Біз өзіміздің тарапымыздан шетелден келетін қонақтарға арнап жаңадан тағамдардың оннан аса түрін ұсынатын боламыз»,- деді Мейрамхана атқарушы директоры, Зарина КИРИЛОВА.