Астана дауылы: 13 адам зардап шекті

Жаңалықтармен бөлісіңіз


Астанада түс ауа күрт өзгергерген ауа райы мен көтерілген дауылдан 13 адам зардап шекті. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жеткен. Кесірінен, қаладағы бірнеше нысан қирап, құрылыстағы биік кран құлап қалды.

Бұл Түркістан көшесіндегі құлаған құрылыс краны. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Дауыл сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайы ғимаратының құрылыс жабындысы мен «Арнасай» тұрғын үй алабы, № 24 орта мектеп пен бір балабақшаның шатырын жұлып әкеткен. Дүлей желмен ұшқан құрылыс заттары жақындағы тұрақта тұрған көліктерді зақымдаған.

«Ауа райының қолайсыздығы туралы әртүрлі мессенджерлерде жазылып жатса, қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар. Көшеде өтіп бара жатқан кезде құрылыстың маңайынан алшақтау жүріңіздер. Жарнама щиттарының маңайынан жүрмеңіздер, қауіпті жерлерге балаларды, ауа райы қолайсыз кезде жалғыз далаға жібермңіздер»,-деді Астана қаласы ТЖД ресми өкілі Аягөз ФАЗЫЛОВА.

Жедел жәрдем қызметіне жеңіл жарақат алған 10 адам жүгінген. Біреуі нөмірі бірінші қалалық ауруханаға жатқызылды. Ұйытқыған дауыл қонуға бет алған «Airbus-320» ұшағын жолақтан шығарып жіберген. Оқыс оқиға Астана әуежайында сағат 13.22 кезінде орын алған. Бортта болған 97 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі дін аман.

Ал «Қазгидромет» өкілдері ертең де дүлей дауыл болуы мүмкін екенін айтты. 23 мамырда елорда аумағында солтүстік-батыстан  жел соғып, күндіз жаңбыр жауады. Осыған байланысты дауылды ескерту жарияланды.

«23 мамырда Астанада көшпелі бұлт жүріп, жауын-шашынсыз. Бірақ қатты жел соғуына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Оның жылдамдығы 9-15 метр секундына дейін жетеді. Күндіз ауа райы + 13-14 градусты көрсетеді»,-деді «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметкері Малика БҮЛДЕКБАЕВА.

 Қазір Астананың коммуналдық қызметтері дауыл салдарын жойып жатыр. Оқыс оқиғалардың салдары туралы ақпаратты қала тұрғындары 109 телефоны бойынша «Ikomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығына хабарласа алады. Шығындар толық есептеліп біткен жоқ.




Новости партнеров