Белгілі журналист Рахат Мамырбек өмірден өтті

Белгілі журналист Рахат Мамырбек өмірден өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Белгілі журналист Рахат Мамырбек 40 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол он күн бұрын инсульт алып, ауруханаға түскен. Содан есін жимаған. Қаралы хабарды естіген үзеңгілес әріптестері қаламы қарымды журналистің бақұл болғанына әлі де сенер емес. Рахат Мамырбектің жеке журналистік қызметінен бөлек, мәселені ашық қоя білетін тілі өткір тілшілерді де даярлап шығарғаны тағы бар. Қоғамдағы шикілікті көгілдір экранға бұрмаламай шығара білуде шеберлік танытаныны бір төбе еді, дейді оның әріптес достары.

«Ол «Күлтөбенің басында» деген ұлттық арнада бағдарламаны ашып, үлкен биіктерге көтерілгеннен кейін, халық біраз іздеді Рахатты.  Сол кезде «Алматы» телеарнасына келіп, «Тіл сақшысы», «Тарих тарзысы»  деген үлкен бағдарламаларды осы телеарнадан шығарды. Қазақ журналистикасында ұлтым деген әңгіме жататын. Бірақ Рахатта ол ерекше болатын», - деді  әріптесі Мақсат ҒАДІЛБЕКҰЛЫ.

«Алматы телеарнасына келгенде  бізге ұстаз болды ғой. Бас редактор, бас продюсер болды. Осы аралықта ол бірнеше тәлімгерлерді тәрбиеледі», - деді шәкірті Назым МӘЛІКҚЫЗЫ.

Рахат Мамырбек «Алматы» арнасынан бөлек, бірнеше республикалық телеарналарда жұмыс істеді. Соңғы  7 жылдан бері  «Азаттық» радиосында веб-редактор болып қызмет атқарған еді. Ақтық демі үзілгенше, ұлттың қамы үшін алаңдап өткен Рахат Мамырбектің артында 5 перзенті қалды. Ең кенжесі жасқа да толмаған. Біздің арнаның да өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан арда азаматтың отбасы мен ет-жақындарына барша журналист қауымы қайғыра көңіл айтады.  


Новости партнеров