|
14.02.2017 | 09:23
3035

Алматы көшелерінің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасын таппақ

Алматы көшелерінің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасын таппақ

Алматы көшелерінің көлемі ұлғайтылып, жаңа жол айрықтарын салу жұмыстары жалғасын таппақ. Кезекті жаңа жолайрық Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында салынады. Бұл туралы Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов өзінің кезекті халыққа есеп беру жиынында мәлімдеді.

Тұрғындардың  жүріп-тұруының жеңілдеуі үшін қала көшелеріне жолайрықтар салынып жатыр. Ендігі көлемді жолайрық Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында орналасатын болады. Сондай-ақ Фурманов көшесі эстакадамен теміржол арқылы Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылмақ. 7 көше орта жөндеуден өтіп, 42 көшеге 8 шақырымдық жол төселеді.

«Сейфуллин көшесімен жүрсеңіздер өте қиын болатын. ТЭЦ-қа, Тобаяқов көшесіне дейін көлік толып тұратын. Биыл көшелер ұлғайып, ұзартылады. Жетісу, Түрксіб аудандарында үлкен мәселелер шешіледі деп сенім білдіремін», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Талғат РАЗАҚОВ.  

Жетісу ауданы әкімінің есеп беруі барысында түйткілді деп танылған бірқатар мәселелер қаралды. Оның ішінде ескі үйлерді сүру, жолдар мен құбырларды жаңарту, көшелер мен саябақтарды қайта абаттандыру сияқты сұрақтар көтерілді

Бұдан өзге ауданда 43 көшеде жаңа жол төселіп, оның 6-уы бойынша жаяу жүргінші жолдары салынды. 10 көшенің арықтары жөнге келтіріліп, Солтүстік айналма жол мен Бөкейханов көшесіндегі жолайрықтың құрылысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар, 34 аула мен 14 балаларға арналған алаңдар мен балабақшалар жөндеуден өткен. Қазір ескі үйлерді сүріп, орнына жаңадан тұрмысқа жайлы үйлер салу жұмыстары жүргізілуде.  

«Райымбек Боткина деген Максиманың бергі жағында 43 үй, 9 үй бар. Солардың бәрін қазір дайындап жатырмыз. Пилотный Гончаров көшесінің 109 мектептің алдында 4 үй құлатып, 2 үй соғылған. Халықтың бәрі ризашылығын білдіріп жатыр», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Талғат РАЗАҚОВ.

Есентай өзенінің жағасын жөнге келтіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Дорожник, Айнабұлақ-2 ықшам аудандарында, Есентай өзенінің батыс жағында саябақ салынбақ.  

«Ардагерлермен кездесулер өткізіліп, азық-түлік жиынтығы, дәрілермен қамтамасыз ету сияқты көмектер көрсетіліп тұрады. Аз да болса, қарттарды дәріханаларға тіркеу жүргіземіз. Осы сияқты сұрақтарды әкімдікпен бірігіп шешеміз», - деді Жетісу ауданының ардагерлер кеңесінің төрайымы Сания ӨМІРӘЛИЕВА.

Әкімнің есебін тыңдауға келген тұрғындардың көбі қоғамдық көліктердің тапшы екенін айтты. Мәселен «Құлагер» ықшам ауданынан Райымбек даңғылына тікелей жететін қоғамдық көлік сұрады. Сондай-ақ аулаларда балаларға арналған ойын алаңдары, мүгедектерге арналған лифт жолдарының жоғы жеткізілді. Бұқараның базынасын тыңдаған әкім түйткілді мәселелерге тиісті шаралар қолданатынын алға тартты.

Назкен Байтілес, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир