2019 жылы өтетін қысқы 19-шы Сурдлимпиада ойындарын өткізу мәселесі қаралуда

2019 жылы өтетін қысқы 19-шы Сурдлимпиада ойындарын өткізу мәселесі қаралуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекциясының мемлекеттік қорын тарату процедурасы аяқталды. Елімізде өткізілген жарыс Қысқы ойындар тарихында ең үнемді, әрі шығыны аз спорттық оқиға болған. Жақында қор жергілікті бюджетке тағы 1 миллиард теңге қайтарды. Енді қалада 2019 жылы қысқы 19-шы Сурдлимпиада ойындарын өткізу мәселесі қаралып жатыр. Саңыраулар Халықаралық спорт комитетінің президенті Валерий Рухледев қаланың оған толық мүмкіндігі бар екендігіне көзі жетіпті.

Қысқы Универсиада ойындары тарихында үнемді, әрі шығыны аз жарыс ретінде тіркелген Алматыда өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойыны. Бүгінде спорттық жарысқа арнайы құрылған дирекция Мемлекеттік қорын тарату процедурасын аяқтады. Еліміздің заңнамасына сай қаржылық-шаурашылық қызмет тексерілген соң, барлық құжаттар қаланың Орталық мемлекеттік мұрағаттар орталығына тапсырылды. 

«28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға алдын-ала жасалған бюджеті бойынша 32 миллиард теңге оңтайландырылып, 17,8 миллиард теңгеге дейін қысқарды, ал процесс барысында тағы да 4 миллиард теңге үнемделді. Осы таяуда ғана Алматы бюджетіне тағы бір миллиард теңге қайтарылды»,-деді «2017 жылы 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекциясының» бас директоры, Наиль НҰРОВ.

Универсиада соңынан бай мұра қалды. «Алматы Арена», «Халық Арена» сынды спорт кешендері салынды. «Шымбұлақ», «Медеу», «Сұңқар» мен Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы қайта жаңартылды. Сонымен қатар, қалада заманауи таушаңғысы кластері пайда болды. Атлеттер қалашығы тұрғызылып, нысан жарыстан соң үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Енді Алматыда 2019 жылы қысқы XIX Сурдлимпиада ойындарын өткізу мәселесі қарастырылуда. Қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездескен саңыраулар Халықаралық спорт комитетінің президенті Валерий Рухледев алып шаһардың оған толық мүмкіндігі бар екенін айтты. 

«Біз Алматы қаласында салынған тамаша спорт инфрақұрылымымен таныстық. Нысандар заманауи стандартқа сай жабдықталумен қатар, сәулеті де ерекше. Оның ішіндегі спортшылардың белсенділігі де тәнті етті.  Біз керлинг пен тау шаңғысы бойынша өткен Республикалық жарыстарды, балалардың мәнерлеп сырғанау мен хоккей ойнау барысындағы жаттығуларын, сонымен қатар коньки мен шаңғыдан жаппай сырғанау сияқты шараларды көрдік. Осының барлығы және өте жоғары деңгейде өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада бүгінгі күні Алматының әлемдік қысқы спорт орталығы екенін дәлелдейді»,-деді Саңыраулар халықаралық спорт комитетінің президенті, Валерий РУХЛЕДЕВ.

Саңыраулар Халықаралық спорт комитетінің құрылғанына 1 ғасыр толса да,  қысқы Сурдлимпиада ойындары Азия континентінде бірде-бір рет өтпепті. Ең алғаш ойын 1924 жылы Парижде ұйымдастырылған. Атап өтерлігі, қазіргі таңда қалада 44 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Соның ішінде 5 мыңға жуығының құлағында мүкістігі бар. Биыл мүгедектерге әлеуметтік көмек ретінде 4,1 миллиард теңге бөлініпті.

Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров