Нұрсұлтан Назарбаев ҚК хатшылары кездесуіне келген делегацияны қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев ҚК хатшылары кездесуіне келген делегацияны қабылдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үндістан мен Пәкістан - Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі болып қабылданбақ. Осы мәселе маусым айында өтетін Астанадағы самитте шешілуі мүмкін. Бұл Азиядағы серіктестікті нығайтуға тың серпін бермек. Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он екінші кездесуінде осылай деді. Қазақстан Президенті қатысушылар назарын Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ынтымақтастық тетіктері мен нормативтік құқықтық базасын нығайту ісінің маңыздылығына аударды. Сондай-ақ Президент ұйымға қатысушы елдердің экономикалық және саяси байланыстарды нығайту жолында атқарған жұмыстарына оң баға берді. Кездесуде мемлекет басшысы Санкт-Петербургте болған терактіге байланысты пікір білдірді.


«Біз Санкт-Петербургтегі оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстремизмнің шекара дегенді білмейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мемлекет басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мәселен, Сириядағы дағдарысты саяси реттеу ісіне күш-жігер жұмсалып жатқаны айтылуда. Қауіпсіздік кеңестерінің Астанадағы іс-шарасы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өткізіліп жатыр.


«Бұл - қатысушы елдердің барлық бағыт бойынша келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлімдемесі қаралуда. Бұл құжаттарды қысқа мерзім ішінде мақұлдау қажет», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



Новости партнеров