«Алғабас» ықшам ауданында орналасқан 42 үй су астында қалды

«Алғабас» ықшам ауданында орналасқан 42 үй су астында қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Толассыз жауған жауын алматылықтарды әбден әбігерге салып жатыр. Қазірдің өзінде Алғабас ықшам ауданында орналасқан 42 үй су астында қалды. Оқиға орнында арнайы штаб құрылып, жергілікті шенділер тексеру жұмыстарын жүргізуде.  Ал, табиғаттың тосын мінезінен зәре құты қашқан тұрғындар шығын өтелмей қалмаса екен деп жандарын шүберекке түйіп отыр.

Нөсерлеп жауған жауынның салдарынан Алатау ауданы, Алғабас ықшам ауданында орналасқан Тейпова көшесі бойын су басты. Қырықтан астам үй су астында қалды. Қазірдің өзінде арнайы штаб құрылып, арнайы техникалар қойылған. Жергілікті шенділер оқиға орнына келіп, жалпы шығынды есептеуде.

«Міне осында 42 үйді су басқан. Қазір барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сметасын бітірдік, суларын сорғызып жатырмыз. Техникаларын қоямыз, қазір қазуды бастаймыз», - деді Алатау ауданының әкімі Бағдат МӘНЗОРОВ.

Бүгінде баспаналары су астында қалған тұрғындар шығынымыз өтелмей қалмаса екен деп отыр. Себебі, кейбір үйлер үгітіліп құлаудың аз-ақ алдында тұр.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, судың астында қалдық. Етікпен жүрмесең былай жүру мүмкін емес. Бала-шаға үйде отыр. Енді сөз жүзінде қалмай, осының барлығын есептесе. Үйді маңдай термен соқтық», - деді қала тұрғыны Қайрат ЖАМАЛОВ.

Шаһар басшысының арнайы тапсырмасымен су басуы мүмкін деген аумақтар түгелдей тексерілді. Қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежановтың өзі былтыр су басқан аумақты аралап көріп шықты. Барлық келеңсіздіктер тез арада жойылуары керек деп жергілікті шенділерге тапсырма берілді.

«Жауған жауынның салдарынан әртүрлі зақымдар келіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әрбір аудандардағы арықтар тазартылып жатыр. Барлық қолдан келген жұмысты жасап жатырмыз. Әрине, мынадай толассыз жауған жауын кезінде күтпеген жағдайлар орын алып жатады. Соның алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз», - деді қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

Еске сала кетсек, былтыр Шаңырақ 2 ықшам ауданында орналасқан 200-ден астам үйді су басқан еді. Артынша шұғыл шара қолданған Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша аталған аумақтарға арықтар тартылып, біразы күрделі жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде, өткен жылы орын алған жағдай биыл болған жоқ. Арықтарға жөндеу жұмыстары былтыр да жасалған. Бұл жұмыс биылда жалғасын таппақ.

Нұрсейіт Жылқышыбай, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров