Алматыда 5 облыстан жиналған офицерлер өзара сайысып жатыр. Сарбаздарға әскери тәртіппен тәрбие беріп келген штаб басшыларының өздері де сын сәтте сүрініп қалды. Қара суықта қаруын қас қағым сәтте оқтап, нысананы қағып түсіруден алдына қара салмаған жеңімпаздардың алдағы уақытта әскери шені өспек.
Жерге жамбастай жата қап жігіттерге автоматтан оқ ату оңай болғанмен, оны нысанаға дәл тигізу жеңіл емес. Қалашников қаруынан дәлдеп тұрып ататын он оқтың кемінде жетеуі жүз метр жердегі нысанаға тисе ғана офицерлер сынақтан сүрінбей өтті деп бағаланады.
Бұған дейін түрлі қашықтықтарға жүгірумен қатар сарбаздар санасына сіңіретін сөздерден сынақ тапсырған батальон командирлерінің қаруды игеру қабілетін қарау Қапшағайдағы палигонда жалғасты. Қабілет қарымын көрсетуге келген кіші әскери шенділер өз өңірлерінен үздік деп танылған жігіттер. Бірақ, көз ұшындағы нысананы қалт жіберіп, аз оғын айдалаға атып жатқан аға офицерлерде кездесті.
«2002 бері офицермін. Қол астымда 660 адам бар. Содан ең үздік батальон командирлерінің арасынан осы Алматыдағы жарысқа қатысып жатырмыз. Қиыншылықтар бар», - деді 55/13 әскери бөлімі атқыштар батальонының командирі Нұрлан РАБДАЛЫҰЛЫ.
«Макаров тапаншасынан ату кезінде үш оқпен 25 ұпайдан асыру керек болған. Мен 19ұпай жинап қалдым. Яғни менің бағам қанағаттанарлық болды», - деді 66/98 әскери бөлімі 2 атқыштар ротасының командирі Ұлықбек КЕНЖЕБАЕВ.
Оқпанға оқ салмастан бұрын қаруды санаулы секундтарда шашып-жинау сынды жарыстарда жоғары ұпай жинауға жол ашады. 9 секундтық тапсырманы уақытыннан жылдам орындаған штаб басшыларының көбі жоғалтқандарын осы жарыста түгендеп қалуға тырысты.
«Сынақтың басты мақсаты офицерлерді кәсіби атуға үйрету. Қарсыласын бірінші көздегеннен-ақ жоқ қылып, жайрату. Атыс қаруын еркін қолдана алатындарын тексере отырып, нормативтік тапсырманы орындату», - деді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскери ұрысқа дайындық басқармасының басшысы Евгений ЛОГИН.
Бес облыс қарайтын ОңтүСтік өңір қолбасшылығынан 40-қа жуық офицер келген. 11 әскери бөлімнің батальон, штаб басшылары сынақтан сүрінседе олардың қызмет дәрежесі төмендемейді. Тек қырық адамнан қара үзіп шыққан бір офицер ғана қаңтарда Астанада өтетін басты бәсекеде Оңтүстік өңір қолбасшылығының атынан бақ сынайды.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы