Алматы облысындағы алаяқ әйел тұрғындардың 100 млн теңгеден астам қаржысын қолды қылды

Алматы облысындағы алаяқ әйел тұрғындардың 100 млн теңгеден астам қаржысын қолды қылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында алаяқ әйел 7 адамды тақырға отырғызып кетті. Ол тұрғындарға жер телімін әперуді уәде етіп, 100 млн теңгеден астам қаржыны  қалтасына басқан. Айлакер әйелді тәртіп сақшылары қолға түсіріп, оның әккі әрекетін әшкере етті. Белгілі болғандай, алаяқ келіншек жәбірленушілерге түрлі сылтау айтып, 44 рет ақша талап еткен. Тақырыпты Айдана Мейрамбайқызы тарқатсын.

Әлия Дербісалина Қаскелеңнің қу тұрғынының құрығына түскен жанның бірі. Ол өзін сан соқтырған Лейла Тұрсыновамен 2013 жылы танысыпты. Бастапқыда Әлияның ғана іші-бауырына кірген келіншек, кейін оның тұтас отбасымен жақын араласа бастаған. Сеніміне кіргесін, өз айласын асыруға кіріскен. Үш баласы бар Дербісалиндер отбасына 32 гектардан астам жер телімін сататынын айтып, олардан қомақты қаржы сұрапты.

«Старый Цоннан 30 га беремін деді, оформляю өзімнің учаскем деп Гос АКТ көрсетті маған. Одан кейін күйеуіме мынау Турецкий Университеттің алдындағы 60 соттық жерді менің жерім, саған оформление жасаймыз деп. Одан кейін сеніміне кіргеннен кейін бізде ақшамызды бердік. Бірінші миллион бердім, одан кейін жетпей жатыр оформлениеге деп машинамды залогқа қойдым мерседесімді. Одан кейін алтындарымды залогқа қойдырды. Каспий банктен кредит алдым мен. Сөйтіп, 260 мың долларға біздің үйімізді алдап сатып, залогқа қойып ертең берем, ертең деп сонымен бізді 3 баламен көшеде қалдырды»,- деді Облыс тұрғыны, Әлия ДЕРБІСАЛИНА.

Алаяққа оңбай алданып, опық жеген Әлия қазір отбасымен басқа қалада пәтер жалдап күн көріп жүр. Туған-туыс, дос жарандары да қарызға белшесінен батқан әулеттен теріс айналыпты. Лейланың кесірінен, олардың 130 мың доллар берешегі бар. Әлиядан бөлек, Тұрсыновадан Қаскелеңнің тағы 6 тұрғыны жапа шеккен. Олардың барлығы да айлакер келіншекпен жақын араласқандықтарын айтады.

«Мен онымен 2012 жылы таныстым. Ол әпкем екеуі бір үйде тұратын. Бізге ескі Халыққа қызмет көрсету ғимаратының жанынан 10 соттық жерін арзан бағаға сататынын айтты. Әпкем екеуіміз құны қолжетімді болғасын алуға келісіп, сұраған ақшасын бердік. Кейін ол құжат рәсімдеу үшін, бір кісілерге рахмет айту үшін деп тағы да ақша сұрады. Бас-аяғы 1 млн 600 мың теңгені қолына ұстаттық»,- деді Облыс тұрғыны, Галина ПОТЫЛИЦИНА.

«Біздің ұлдарымыз дос болғасын, екеуміз де араластық. Бір күні ол маған ұлдарымызға дөңгелек жөндеу орнын ашып, кәсіпке баулиық. Сол үшін бірігіп контейнер алайық деді. Мен келісіп, ақшасын бердім. Бірақ, контейнерді сол күйі көрмедім. Ақшамды қайтаруды сұрағанымда, орнына жарты жылдан соң көлік берем деп уәде етті. Кейін маған арзан бағада пәтер сатылатынын айтты, мен оған тағы сеніп, сұраған ақшасын бердім. Бас-аяғы 1 жарым жылда менің 70 мың доллар ақшамды қолды қылды»,- деді Облыс тұрғыны, Ирина ВОЛКОВА.

Айласын асырудан алдына жан салмаған Тұрсынова барлық жәбірленушілерге бас-аяғы 100 млн теңгеден астам ақша қарыз. Талай жыл бойы оның сылтауынан шаршаған жәбірленушілер, тек биыл ғана полицияға арыз түсіріпті. Бастапқыда кінәсін мойындамай бас алып қашқан алаяқ әйелді тәртіп сақшылары 26 маусым күні қамауға алған. Кейін ол ішінара кінәсін мойындапты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, айлакер әйел бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемеген екен. 2 баласын тәрбиелеп үйінде отырған көрінеді.

«Тұрсынова Лейла Маджалисовна жәбірленушілерде бір жолмен алдай алмайтынын түсініп, жәбірленушіден бір ақша иемдену мақсатында әртүрлі себептер, жалған себептер түсіндіріп отырған. Яғни, құжаттардың мөрлерін қойғызу керек, соған ақша керек деп мысалға. Сосын басқа да бір анықтамалар алу керек, Астанадан анықтамалар алу керек деп әртүрлі себептермен алдаған. Бір жәбірленушіге қатысты бірнеше қылмыс туындап, әртүрлі себептермен ақша алып отырған. Соған байланысты біз әр фактіні ақша алу және алдау фактісіне байланысты біз бөлек өндіріске жүргізіп, жаңағы бөлек өндіріс қозғап оны негізгі іске бірге біріктіріп, сотқа жодадық. Солай санаған кезде 44 факт шықты»,- деді Қарасай аудандық ІІБ-ның тергеу бөлімінің аға тергеушісі, Жансұлтан НАДЫРБЕК.

Тергеушілердің сөзінше, қолға түскен әйел бұған дейін де жалған құжат жасап, алаяқтық әрекеті үшін сотталған екен. Алайда, жазасы шартты түрде болғандықтан, ол бостандықта жүрген. Енді 7 адамды тақырға отырғызғаны үшін ол оңай жазамен құтылмасы анық. Келіншектің үстінен алаяқтық әрекеті үшін Қылмыстық Кодекстің 177 бабы бойынша қозғалған іс сотқа жодданды. Енді бұл бап бойынша айлакер әйел 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров