Алматыда «Саяхат» автобекеті қайта салынатын болды

Алматыда «Саяхат» автобекеті қайта салынатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұзақ жылдан бері жыры бітпеген «Саяхат» автобекеті ақыры қайтадан салынатын болды.

Тоғыз жолдың торабындағы автовокзалды жаңартуға қазіргі қожайындар ғана емес, қалалық әкімдік те қолұшын созбақ. Қазір инвостарлармен келіссөз жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Алматы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Талапқа сай келмейтін қазіргі ескі ғимараттың орнына жаңа ғимарат бой түзейді. Автобекет аумағын ұлғайту үшін жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдері сатып алынбақ. Жаңадан  жоспар құрылғанымен, құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны әлі анық емес.

«Қазір «Саяхат» автобекетінің жағдайы қалалық әкімдікпен бірге шешіліп жатыр. Алдағы уақытта жолаушылар үшін үлкен күту залын салып, аумақты кеңейту жоспарда бар. Сондықтан бекет маңынан жер телімдерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Сол кезде автобекет аумағы айтарлықтай кеңейеді», – деді «Саяхат» автобекетінің қаржы директоры Магомед АЛЕРОЕВ.

Қазіргі сәтте Саяхаттан шығатын автобустар Талғар, Еңбешіқазақ аудандарынан өзге, Талдықорған, Семей, Өскемен қалаларына да жолаушылар тасиды. Дегенмен, жолға шығып жүрген автобустардың да тозығы әбден жеткен. Қала билігі автобекетпен қатар, қоғамдық көліктерді де жаңартып, бағыттардың санын көбейтуді көздеп отыр.

«Біз әзірге инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жобаны дайындап, оған жұмсалатын қаражатты санауды бастадық. Егер ойлағанымыз жүзеге асса, «Саяхат» автобекеті барлық халықаралық талаптарға сай келетін болады», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және  автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ӘДІЛОВ.


Новости партнеров