Алматылық 100 мыңдай оқушы тегін лагерлерге аттанады

Алматылық 100 мыңдай оқушы тегін лагерлерге аттанады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық 100 мыңдай оқушы қаладағы және қала маңындағы тегін лагерлерге аттанады. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданындағы мектептердің бірінде өткен соңғы қоңырауда мәлімдеді. 2007 жылы ашылған білім ордасына биыл 10 жыл толыпты. Шаһар басшысы түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, қалада тағы мектептердің саны көбейетінін атап өтті. Ал биыл Алматыда 7 мыңнан астам түлек оқу бітіреді.

Арман мен Дана - мектептің озат оқушыларының бірі. Енді олар бар үмітін арқалап, білімдерін мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуде сынайды. Түлектер соңғы қоңырауда өз толғаныстарымен бөлісті.¤

«Мен осы мектепте бірінші сыныптан бері оқып келе жатырмын. Шыны керек, толқып тұрмыз. Мектептегі мұғалімдерге алғыс айтамын. Бізді осы 11 жыл оқытып, осындай білім бергеніне. Алдыда келе жатқан сынаққа дайындығымыз жақсы. Бұйыртса, бәріміз, 140 балл алып шығамыз деген ойдамыз, сенімдеміз»,- деді Түлек, Арман САЙМАСАЕВ.

Биыл № 169 мектеп-лицейін 56 түлек бітірді. Оның ішінде жетеуі алтын белгіге үміткер. Ал жас талапкерлерді құттықтауға қала әкімі Бауыржан Байбек те келіп, өзінің жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, шаһар басшысы қаланың білім саласындағы бірқатар жетістіктерін атап өтті. 

«Елбасы, біздің жастарымыз оқуға және ғылым-білімді игеруге, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де, тиімді пайдалануға тиіс. Бұл үшін біз барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек деп айтқан болатын. Осыған сәйкес жас ұрпақтың өсіп жетілуіне мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынуда. Соңғы бес жылдың ішінде қалада 43 жаңа мемлекеттік білім беру нысаны ашылса, соның 11-і жаңа орта мектеп және бұдан басқа да қосымша ғимараттар іске қосылды. Жаңадан салынған 11 мектептің 9-ы тек қазақ тілінде дәріс береді. Оның бесеуі осы Алатау ауданында ашылды»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. 

Бүгінде білім ордасының ашылғанына 10 жыл болыпты. Қазір мұнда 3 мыңға жуық бала білім алады.  Мектептің жыл сайынғы көрсеткіші де көз қуантатын көрінеді.

«Биылғы жылы мектебіміздің 91 оқушысы халықаралық, республикалық, түрлі олимпиадалардан, ғылыми жобалардан үлкен жетістіктерге жетті. Жылдан жылға балаларымыздың білім сапасы артып отыр. Қазіргі таңда мектепте 2637 оқушы білім алуда»,- деді №169 мектеп-лицейінің директоры, Гүлжан БЕКЕНОВА.

№ 169 мектеп-лицейі былтыр қала бойынша үздік ұжым атанып, қазынадан 17 млн шәкіртақы ұтып алған. Сол қаржыға 20-дан астам компьютерлік құрылғы, интерактивті тақта мен қыздардың технология сабағына арналған мынадай тігін машиналарын сатып алыпты. Ал оқушылар көркем бұйымдарды өз қолдарымен жасап үлгерген.¤

Сондай-ақ, биыл Алматыда100 мыңнан аса 1-ші және 10-шы сынып оқушылары 700-дей тегін жаздық лагерлерге аттанады.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров