|
25.06.2018 | 19:46
19072

Алматыда балаларды церебральді параличінен оңалту орталығы ашылды

Алматыда балаларды церебральді параличінен оңалту орталығы ашылды

Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігі артты. Осы ретте, Алматыда балалардың церебральды параличінен оңалту орталығы ашылды. Онда жылдап жетпеген жетістіктерге бір айдың ішінде оң нәтижеге жетуге болады.

Елімізде церебралды паралич ауруына шалдыққан балаларын құлан-таза айықтыру үшін ата-аналар дәл осы орталыққа үлкен үмітпен әкеледі. Бұған дейін 14 жыл бойы «Арди» оңалту орталығы 100 науқастан артық қабылдай алмайтын еді. Өйткені нысанның аумағы жөнді жағдай жасауға  мүмкіндік бермейтін. Енді су жаңа орталықта мамандар 300-ден астам балаға қажетті ем-дом көрсетуге қауқарлы. Оған қоса, тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіретін бөлмеден бастап, массаж, сенсорлы және физиотерапия емін қабылдайтын арнайы кабинеттер барлық қажетті құрал-жабдықпен жасақталған. Қала әкімі Бауыржан Байбек те, аумағы мен қатар медициналық мүмкіндігі артқан орталыққа ат басын тіреп, оң бағасын берді. Оңалту орталығына кеткен қаражаттың 70 пайызы мамандарды даярлап шығаратын оқу орталығын ашуға кеткен.

«Балалардың церебралдық паралич диагнозын емдеудің 30 пайызы теория болса, 70 пайызы практиканы қажет етеді. Орталықтағы барлық қызмет түрі тегін көрсетіледі. Қазір 120 бала ем қабылдап жатыр. Әлі де науқас балаларды қабылдайтын орын шақталған. Қазақстанның әр тарапынан келетін ата-ана баласын жылына екі рет 3 ай бойы орталықта ем қабылдауы қажет. Ал орталықта күніне 6 сағаттан артық емделуі тиіс»,-деді «Арди» қауымдастығының төрайымы Әсия АХТАНОВА.

Перзентімді емдетемін деп, Алматыға көшіп келген ананың бірі Зухра Аккулеева. Сал ауруына шалдыққан қызын бес жылдан бері емдеп, бетін бері қараған. Тынымсыз еңбектің нәжиже берері хақ,-дейді. Бұған дейін паралич - деген дерттен құтылудың қамы үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Ендігі үміт осы оңалту орталықталығында.

«Медицина жағынан жоғары санатты дәрігерлер беріп жатқаны бірден білінді. Бала мысалы басқа орталықта бір жылда алатын нәтижелерді бір айдың ішінде алып жатыр.  Мысалы оң қолымен жұмыс істеуі, оң аяқпен жұмыс істеуі. Басқа балаларға жай дүние болғанымен, біздің балаларға үлкен жетістік»,-деді Зухра АККУЛЕЕВА. 

Бүгінде Қазақстанда дәл осы церебралды паралич диагнозымен 18 жасқа дейінгі аралықтағы 14 мың бала бар.  Өкінішке қарай сал ауруына шалдығатындардың саны жыл сайын 4 мыңға артып отыр. Сондықтан да мамандар, ауру асқынып кетпей тұрғанда, науқасқа  қажетті емнің көрсетілуі маңызды дейді. Ол үшін құрсаққа біткен бала мен жүкті әйелдердің денсаулығына неқұрайлы қарамауы маңызды.

Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан,  «Алматы» телеарнасы.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир