Осы аптада Алматыда туризмді дамытуға арналған жаңа жоба
жүзеге асады. «Almaty quality»,- деп аталатын тың бастама - Универсиада
ойындары кезінде шеттен келетін меймандарға жайлы қызмет көрсетуге
бағытталған. Дүбірлі доданың өтуіне 3-ақ ай уақыт қалды. Сондықтан,
ведомствоаралық топ теңдессіз жобаны жетілдіру үшін арнайы бас қосты.
Келелі кеңеске келгендер Алматыдағы туризмді дамытуға өз үлестерін
қосуға үмітті. Олар апта соңына дейін «Almaty quality» деген жаңа жобаны
жүзеге асырмақ. Бұл бастама - Универсиада ойындары кезінде туристерге
қызмет көрсететін орындарды жетілдіруге септеседі. Дүбірлі дода кезінде
Алматыға 30 мыңға жуық шетел азаматы саяхаттап келеді деген тұспал бар.
"Алматыға шеттен келген адамдар - біздің қалаға сүйсіне қараулары
керек. Сол үшін де осы жобаны қолға алдық. «Almaty quality» - демалыс
орындарында сервистік қызмет көрсетуді жақсартуға арналған бастама",-
деді Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы,
Тимур ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ.
Қазақстанға өзге елдерден саяхаттап келетін туристердің 43 пайызы - осы
Алматыға тұрақтайды. Алып шаһарда әлемдік талаптарға сай келетін қонақ
үйлер де, мейрамханалар мен демалыс орындары да бар. Әдетте, басқа
жақтан сапарлап келгендер - сол қаланың сәулетімен ғана емес, ұлтының
ғұрпымен де танысуға тырысады.
"Біздің қала тартымды. Сөйте тұра, туристер Алматыға топтасып ағылады
деуге келмейді. Былтырғы санаққа сүйенсек, Алматыға 301 мың шетелдік
турист келген. Ал, еліміздің өзге аймақтарынан 420 мың адам ат
артыпты",- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Әсел ЖҮНІСОВА.
Жиынға қатысушылар Универсиада ойындарынан соң, Алматыға қызығатын
адамдар көбейеді деген ойда. Қазір дүбірлі доданың ашылу және жабылу
салтанаттарына арналған билеттер әзірленіп жатыр. Ал, тартысты ойындарды
көруге мүмкіндік беретін билеттер - қазірдің өзінде сатылымда.
Дастан Сейілханұлы, Мадина Исюмбаева, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін