Алматыда бақылаушылар билетсіз жүрген жолаушыларды анықтауда

Алматыда бақылаушылар билетсіз жүрген жолаушыларды анықтауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақылаушылар нөмірі 37-ші бағыттағы автобусқа кіргені сол еді, жол ақысын төлемеген қос бірдей жолаушы қолға түсті. Біреуі ұялмастан төлемей отырса, енді бірі - бөтен адамның жеңілдігі бар «Оңай» картасын қолданған екен. Камераны көре сала, абдырап қалған олар мазасызданып, тіпті сес көрсетуге дейін барды.  

«Бұл студенттің картасы. 40 пайыз жеңілдігі бар. Қыз оның иесі емес. Сондықта, 2 данада акт толтырып жатырмыз. Біреуін жолаушыға, екіншісін картамен бірге өзімізде қалдырамыз. Ол 3 күн ішінде басқармаға келіп, ала алады. Бірақ тек карта өз иесіне ғана беріледі», - деді бақылаушы Светлана ЕСЕНАЛИНА.

Бақылаушылар жарты сағаттың ішінде 5 осындай жылпоз жолаушыны ұстады. Сорақысы сол, алматылықтардың дені ата-апалары мен оқушылардың «Оңай» картасын қолданады екен. Олар осылайша арам жолмен ақша үнемдеуді көздейді.

Бірақ көп жағдайда жол ақысын мүлде төлемегендердің саны басымырақ болады, дейді бақылаушылар. Мәселен, мына кісі 31-ші нөмірлі автобуста кетіп бара жатқан. Оның қолында не билеті, не «Оңай» картасы жоқ. Бірақ жолаушы ақшасын жүргізушіге беріп үлгермедім деп ақталды.

Тәртіп сақшылары дәл осындай қалаға шеттен келгендер жол ақысын төлеуден жалтарады дейді. Олармен қазір жаппай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, 80 теңгені үнемдеймін деп төлемесеңіз, қалтаңыз 4538 теңгеге жұқарады.

«Билетсіз жүрген жолаушылардың көбісі шеттен келгендер. Өйткені, олар Алматыдағы қоғамдық көліктердегі тәртіпті білмей жатады. Бірақ заң бәрімізге ортақ. Сондықтан ақы төлемей жол жүргендер 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді», - деді  учаскелік полиция инспекторы Ноғайбек ИЛЬЯСОВ.

Жолаушылардан жолақыға 150 теңгеден алып, жалған билет алған жүргізушілер де жазадан құтылмайды. Алматыда осындай құйтырқы әрекеті үшін 3 автобусты тізгіндегендер жұмыстан қуылды. Ал сонымен қоғамдық көлікте жүрген 100-ден аса жолаушы полицейлік учаскеге жеткізілді.

«1 тамыздан бастап қарқынды түрде күресті бастадық. Жүргізушілер ұтымды тұсты пайдаланған екен. Оны да анықтадық. Әппақ, жазуы жоқ билеттер жарамсыз екендігін ескертеміз. Олар осылайша ақшаны қалтарына басып жатыр. Билетте 150 теңге деп тұруы тиіс», - деді "Green Bus" ЖШС директоры  Бауыржан КУЛИШЕВ.

Жалпы Алматыда жыл басынан бері билетсіз жүрген 1000-нан аса адам ұсталыпты. Бұл тексерісті бақылаушылар тоқтатпаймыз деп белшене кірісіп жатыр.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров