Биыл Алматыда жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары рекордтық көрсеткішке жетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары рекордтық көрсеткішке жеткен. Ұзын-ырғасы 30 шақырым ескі желіні жаңалау жоспарланған. Оған бірнеше мердігер компания жұмылдырылып, күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Өйткені, алдағы күзде ауқымды жұмысты аяқтап үлгерулері керек.

Қаладағы құбырларды ауыстыратын мамандардың 4 айдан бері жұмысы осылай басталады. Таңғы 7-ден бастап, жаңа жоспар құрылып, тірлікті тыңғылықты тындыру үшін уақытты барынша үнемдеуге тырысады. Биылдыққа бас-аяғы 30 шақырымды жерді алып жатқан  құбырлар ауыстырылады.  Бүгінде оның 20 шақырымының жұмысы аяқталған. Әсіресе, ірі магистральді көшелердегі жөндеулер аяқталуға таяп қалды.  Мәселен, топырағы қопарылып жатқан мына Құрманғазы көшесінің жұмысы жоспардан бұрын бітпек.

«Құрманғазы көшесінде 1,3 шақырым жылу жүйелерін ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Жұмыстар бітуге жақын. Егер келісім шарт бойынша жұмысты 1 қазан бітіруіміз керек болса, біз 1 қыркүйекке дейін тапсырып, елге пайдалануға береміз деп отырымыз», - деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы  Ерболат АМАНҒАЛИЕВ.

Бұл нысанда да жұмыс қарқынды жүргізілуде. Мәселен, мына құбыр 32 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп, әбден тозығы жеткен. Биылдыққа мамандар оның шыдамайтындығын айтады. Сондықтан да дер кезінде жұмысты бастап кеткендігін алға тартып отыр.

«УТ-2 деп аталады. Осы УТ-2 ден Тілендиев көшесіне дейін 1 км 610 метр. 21 маусымда бастадық. Қазіргі таңда 500 метр құбыр салып, көміп жатырмыз. Қалған демонтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді жылу маусымына дейін үлгереміз деп отырмыз», - деді мердігер мекеменің прорабы Нұрлан СЕЙСЕНОВ.

Дәл осы жердегі жұмыс барысын жеделтеу үшін 120 жұмысшының қатарына келесі аптадан бастап түнгі ауысымға қосымша 40 адам тартылмақ. Сондай-ақ мына Төле би - Момышұлы  қиылысындағы да жолды толығымен пайдалануға беру үшін жұмысшылар ешқандай демалыссыз екі ауысыммен тәуілік бойы жұмыс істеуде.  

«Біз соңғы айда құбырларды ауыстырып бітіп, енді тегістеу жұмыстарына көштік.  Қыркүйектің ортасына таман осы жұмысты өткіземіз деген ойдамыз», - деді  жұмысшы Азамат ӘНУАРБЕКОВ.

Күн-түнге қарамастан ескі құбырларды жаңалау Масанчиден Төле би көшесіне дейін, одан әрі қарай Амангелді көшесі, оған қоса, Қазыбек биден Наурызбай батыр көшесіне дейін жүргізілуде. Шілденің 26-сы күні басталған жұмыс бір жетіде бітеді деп жоспарлануда.

«Жұмыс бітуге жақын. Жерді тегістеу ғана қалды. Бас-аяғы 22 адам жұмылдырды. Ескере кететін жәйт, біз салып жатқан құбырлар ескісінен қарағанда әлдеқайда сапалы», - деді мердігер мекеменің прорабы Рүстем ӘБДІРАЗАҚОВ.

Бұдан бөлек, Алматыда өзге де жол жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Биылдыққа 151 шақырымды қамтитын 171 көше кілтипансыз кейіпке енуі керек. Оның 100-і толыққанды аяқталып, пайдалануға берілген. Қалғаны қыркүйекте бітпек. Жоспарды іске асыру үшін бюджеттен 9 жарым миллиард теңге қарастырылыпты.

«Қазіргі қалып тұрған көшеміз Шевченко мен Қонаев көшесі. Оны 10 күнде бітіретін боламыз.  Сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдар қыркүйек айының 25-не дейін бітетін болады. Сондай-ақ екі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бірі - Жандосов, екіншісі - Байтұрсынов көшесінде. Ол қозғалыстарды қыркүйекте ашатын боламыз», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Айдын ТОЙБАЗАРОВ.

Құбырларға қайта келсек. Алматының Алатау ауданы бойынша оларды ауыстыру жұмысының 95 пайызы дайын болса, Алмалы ауданы тең жартысын аяқтап үлгерген. Ал Әуезов ауданы әлі де 30 пайыз жұмысты тездетіп  аяқтауға тура келеді. Бостандықта атқарылмаған 40 пайыз іс бар. Жетісу мен Медеу және Түрсіб аудандары жұмыстың жартысынан астамын тындырған. Қаланың сүткенжесі Наурызбай ауданы 80 пайызын тәмамдап қалған. Ескере кетерлігі, бұл көрсеткіштер тек қана құбырларды ауыстыру жұмысы емес. Оған әлеуметтік маңызы бар мекемелер мен көп қабатты үйлердің жылыту маусымына деген дайындығының деңгейі.

Әйкерім Ердәулетқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров