Алматыда 4 баланың анасы бірнеше адамды алдап кеткен. Бірінен қарызға деп миллиондап ақша алса, енді біріне келісімсіз несие алғызған. Жәбірленушілер ол әйелді алаяқ деп айыптап, тәртіп сақшыларына бірнеше мәрте шағымданыпты. Бірақ бұдан қайыр жоқ деп отыр. Олар полицейлердің тергеуді созбақтап, арызға немқұрайлылық танытып отырғанына ашынды.
Алматылық Гүлнәр Ілкебаева Жанерке Үйсенбаева атты әйелге алданғадардың бірі. Ол сеніміне кірген бейтаныс келіншекке өз қолымен жылдам ақшадан қаражат алып беріпті. Алайда, айлакер әйел оңай жолмен келген ақшаны қалтасына салып, тайып тұрған.
«Мешіт жаққа алып келіп, ант етейін күйеуім менің намазхан. Бала-шағаммен ант етейін, 1 аптаның ішінде маған ақша тауып беріңіз. Сізге кредит жасап береміз, ананы жабамыз деді маған. Сол сөзіне мен сендім. Өзім алатыным 30 мың, 20 мыңнан айына төлеп отырмын. Ана ақша тұр алғаным. Звондайды «мына жаққа кел, ана жаққа кел, вокзал жақта күтем, манго жақта күтем. Тәтесі, отырыңыз күтіп, міне қазір ақшаны алып келемін» дейді. Қыстай далада қаңғырып жүрдім тентіреп», - деді қала тұрғыны Гүлнәр ІЛКЕБАЕВА.
Жанеркенің айла-тәсіліне алданып, тағы бір тақырға отырғанның бірі Шолпан Ақашева. Ол 2015 жылдың қарашасында 3 бөлмелі пәтерін Үйсенбаеваның отбасына жалға берген. Бірақ түлкібұлаңға салған келіншек пәтер ақысын сол күйі төлемеген. Ол аздай, Шолпанның атына келісімінсіз несие алып 2,5 млн теңге қарызға батырыпты. Сан соққан жәбірленуші тергеудің ұзаққа созылып, полицейлердің тиісті шара қолданбай отырғанына қапалы.
«2016 жылдың маусымында мен Алмалы ауданнының ІІБ-не өтініш жазғам. Содан бері мен олардан жауап ала алмай отырмын. Бірнеше рет бастықтарына да кірдім. Аудандық прокуратураға да жаздық, ешқандай хабар жоқ. Осы 1 ай бойы Алмалы ауданының ІІБ-не келіп жүрмін, тергеуші бізге түсіндіріп ештеңе айтпайды», - деді қала тұрғыны Шолпан АҚАШЕВА.
Әйелге алданып қалған әйелдер ғана емес. 5 мың доллар берген атпалдай азаматта бар. Жанерке Үйсенбаеваның атына 3 адамнан шағым түскен. Қазір аталған іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр екен.
Кейбір деректер бойынша, азаматтарға азаматтық жолмен сотқа шағымдану кеңесі берілген. Өйткені, заң бойынша тек алаяқтық қандай да бір белгілері болса ғана полиция қызметкерлері осы істі өз өндірісіне ала алады. Оның барлық іс-әрекеттерін саралай отырып нақты бір жәбірленушінің атына оның келісімінсіз несиелерді рәсімдеген. Осы тұрғыда осы әрекетте қылмыстық белгілер айқын көрінуде. Қылмыстық Кодекстің 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Полицейлер әзірге Жанерке Үйсенбаеваны қолға түсіруге асық емес. Өйткені, оған соттың санкциясы жоқ. Бірақ жәбірленушілердің айыптауы расталса, онда айлакер әйел бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, ІІМ-нің мәліметінше, алаяқтақ қылмыс фактісі Қазақстанда екінші орында тұр.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы