Наурызбай ауданында заңсыз дүңгіршек иелеріне 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Наурызбай ауданында заңсыз дүңгіршек иелеріне 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаланың сәнін бұзатын сұрықсыз дүңгіршектер шетінен сүріліп жатыр. Наурызбай ауданында заңсыз табыс тауып отырған кәсіпкерлерге тықыр таянды. Атқамінерлер бір күннің ішінде 5 дүңгіршекті жермен жексен етті. Ал, алдағы уақытта тағы 10 шақтысын сүреміз деп білек сыбанып отыр.

Сланов көшесінде орналасқан бұл дүңгіршекте кезінде азық-түлік өнімдері сатылып, кәсіпкердің саудасы қыз-қыз қайнаған. Бірақ заңсыз жерде тұрғандығын біліп, иесі нысанды жауып тынған. Алайда, дүңгіршегін алуға асықпапты. Иесіз қалған дүңгіршекке кім көрінген қоқысын тастап, түнде қаңғыбастардың түнейді. Қаланың сәнін бұзған сұрықсыз нысанды жауаптылар бұзып тынды ақыры.

Мына дүңгіршекті иесі осыдан 6 жыл бұрын тұрғызған. Ішінен арнайы қоғамдық тамақтану орнын ашып, пайдаға батып отырыпты. Десе де, кәсіпкердің бұл ісінің заңсыз екенін айтып, жергілікті билік өкілдері талай ескерткен. Сүру туралы шешім шығарды. Шенділердің бұл шешімімен келіскен кәсіпкер нысанды өз еркімен сүріп жатыр. Десе де, құрылыс материалдары мен жиһаздарға кеткен шығынға қынжылып отыр.

Жандосов көшесінің жиегінде рұқсатсыз тұрғызылған бұл дүңгіршек те сүрілді.  Телімнің иесі ескертпеге қарсы шықпай, өз еркімен нысанды қиратты. Бірақ жұмсалған ақшам желге ұшты деп қынжылды. Кәсіпкер әйелдің айтуынша, ол нысанды тұрғызарда маңайды әбден ретке келтірген. Бос жатқан жерге көгалдандырып, жол төсепті. Мұның барлығына 2,5 млн теңге жұмсаған көрінеді.

«Біздің істеп жатқан жұмысымыз, бала-шағамызды бағып жатырмыз осы жұмыспен. Білмеймін, енді не болатынын», - деді жұмысшы Әлімжан ӘДІЛОВ.

Дөңгелек жөндеу дүңгіршегінде жұмыс істейтін бұл азамат та әбден қынжылды. Күнделікті нәпақасын осы орыннан тауып отырған азамат дүңгіршектің заңсыз орнатылғанынан бейхабар болған. Өйткені, қожайыны сан мәрте ескерту алып, айыппұлдың астында қалса да, мемлекет меншігіндегі жерді басып алып еш алаңсыз кәсібін дөңгелеткен. Бүгін де шенділерге төбе көрсетпеді. Бірақ талап қатаң. Сауда жасау үшін де арнайы рұқсат алып, салық органдарына тіркелу қажет.

«Мына дүкеннің жабылғанына 1 жыл болды. Ыңғайсыздық танытып жатыр. Босқа жабылып тұр екеуі де орынды алып», - деді қала тұрғыны Оралбек ЖАНДАРБЕКОВ.

Жергілікті тұрғын айтып отырған бұл дүңгіршектер де ұзақ жылдан бері қаңтарылып, бос тұрған. Арлы-берлі өткен халықтың жүруіне де кедергі келтіреді. Өз еркімен нысанды күреуден бас тартқан кәсіпкердің жұмысын әкімдік өкілдері жеңілдетті. Олар көшенің көркін бұзған дүңгіршектерді көліктеріне тиеп, арнайы орынға алып кетті.

«Наурызбай ауданының аумағында құзырлы органдармен бірлесіп мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде дүңгіршектер орналасқан 47 мекен-жайды анықтадық. Қазір ондағы дүңгіршектердің қаншасы заңды, қаншасы заңсыз екені тексеріліп жатыр. Жалпы биылғы жыл басынан тиісті құжаты жоқ 9 дүңгіршектің көзін жойдық. Енді тағы 10 шақтысын сүреміз», - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Ауданда жыл басынан бері заңсыз саудамен айналысқан азаматтарға 452 хаттама толтырылып, 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал, осындай сұрықсыз дүңгіршектерді беталды орнатып, маңайдың сәнін бұзғандарға 4 млн 600 мың теңгеден айыппұл жүктелген.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров