Бұрынғы үкімет үйі ұрпаққа аманат. Қазіргі қазақ-британ техникалық университетінің сыртында мемориалды тақта ашылды. 25 жыл бұрын дәл осы жерде - Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын құжат қабылданған. Тарихи сәттің куәгерлері, жоғары кеңес депутаттары сол кезді естеріне алды. Толығырақ Азамат Әуезхан тарқатсын.
Бұл шағын естелік тақтайша өткенімізден, үлкен ғимараттың тағдырынан хабар береді. Салтанатты ашылу рәсімі тәуелсіздік қарсаңында орын алды. Тарихи уақыт енді тарих беттерінде мәңгі қалады. Азаматтар үшін бұл шара маңызды оқиға. Оған келген 2 жарым мың адам дәлел. Алматылықтар егеменді елдің алғашқы астанасында тағдыршешті шешімнің қабылданғанын мақтаныш тұтады деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
«Қасиетті тәуелсіздікке қол жеткізген күнді атап өту шарасы аясында бұрынғы үкімет үйі, қазіргі қазақ-британ техникалық университеті ғимаратының алдында жиналып отырмыз. Осы жерде 1991 жылы 16-шы желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жас мемлекетіміздің іргетасы қаланып, ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы қабылданды. Сол маңызды тарихи оқиғаның ел келешегін түбегейлі айқындап, азат даму жолына түсуімізге бастау болғанын біз бүгін мақтанышпен айтамыз»,- Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Салтанатты шараға, маңызды құжатты қабылдау сәтіне куә болған Қазақ КСР-і Жоғары кеңес депутаттары да қатысты. Олардың бірі Оразалы Сәбден. Оның айтуынша тәуелсіздікті қабылдау шарасы бір күнге созылғанын айтады.
«Қазақ үшін, жалпы кез келген қазақстандық үшін, елдің іргесінің бүтіндігі, ақыл мен парасатты серік еткен күрескерлік рухтың ылғи жағы бізді бастап жүруі қажет. Біз бүгін оңы солын таныған, әлем мойындаған, көшімізді бастаған азаматымыз, Елбасымыз бар елміз. Сондықтан бізге елді, Қазақстанды сүю кез келген, бүгінгі ұрпақтың міндеті, парызы деп есептеймін өзім»,- деді Қазақстан ғалымдары одағының президенті, академик, Оразалы СӘБДЕН.
Оразалы Сәбден сол уақытта көз жасына ерік бергенін айтады. Өйткені дәл осы ғимаратта ел тағдыры шешілген еді. 60 жылдық тарихы бар қазіргі оқу ордасында талаай тарихтың ізі жатыр.
Азамат Әуезхан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы