Елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының алғашқы өкілдігі кеңсесінінің ашылғанына ширек ғасыр толды. Айтулы датаның құрметіне естелік тақтайша орнатылды. Мемориалды тақтайшаны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов салтанатты түрде ашты. Ол өкілдік Алматыдағы Қазақстан қонақ үйінде құрылған еді. Алып шаһардың қарқынды дамып келе жатқанын қала әкімі де алға тартты. «Алматы-2020» бағдарламасы аясында оңтүстік астананың батыстық стандарттарға сай өркендеп жатқандығы тілге тиек етілді. Енді «өңірлік хабтың» да ашылатын күні алыс емес екенін айтты Бауыржан Байбек.
«Алматыда еліміздегі барлық бірлескен кәсіпорындардың 40%-ы, 60-тан астам халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың кеңселері орналасқан. Біріккен Ұлттар ұйымының Қазақстандағы 25 жылдығы қарсаңында Сіздің және Сыртқы Істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахмановтың қолдауымен күзде Өңірлік хабтың жаңа ғимаратының ашылынуы жоспарлануда. Бұл Қазақстан мен Біріккен Ұлттар ұйымының жемісті әріптестігінің тарихи кезеңі болмақ»,- деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алматының мың жылдығы ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізілуіне орай, 2016 жылы Алматыда және Ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде ауқымды іс-шаралар өтті. Одан өзге, екі жыл бұрын ұйымның Еуропалық бюро кеңсесі ашылған еді. Алматы Орталық Азия бойынша "Салауатты қалалар" тізіміне енген тұңғыш қала.
"БҰҰ ұйымдары мен бағдарламалары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, бұл дәстүрді жалғастыруда. Сонымен бірге, БҰҰ біздің елімізге бұрынғы Семей ядролық полигонын сауықтыру, Арал теңізін қалпына келтіру секілді маңызды жобалар аясында техникалық және қаржылық көмек көрсетті",- деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.
"Қазақстан БҰҰ-мен барлық сала бойынша ынтымақтастық орнатқан. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы терроризмге қарсы коалицияны құру. Бұл бейбіт әлем үшін өте маңызды. Әлемде Қазақстанның қарудан бас тарту және ядроға қаруының таралмауына режимін бекіту бойынша рөлі зор", - деді БҰҰ Орталық Азия бойынша Бас хатшысының өкілі Наталья ГЕРМАН.