Алматыда Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шүкенов, Сағи Әшімов және Еркеғали Рахмадиев сынды біртуар тұлғалардың есімдері көшелерге берілді. Бүгін қаланың Мәслихат депуттары 160-тан аса көшеге жаңа атау беруді ресми түрде бекітті.
Құжатқа сәйкес алдағы күндері Алатау және Бостандық ауданында бірнеше көшенің атауы ауысады. Қуантарлығы, көшелерге қазақ тарихында ойып орын алған Әбілқайыр және Жәңгір хандардың, сондай-ақ, Мөңке би мен Кетбұға жыраудың есімдері де берілген.
Айта кетсек, жаңа атаулар Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген. Енді тиісті қаржы бөлінген соң, көшелердегі тақтайшаларды ауыстыру жұмыстары басталмақ.
Еске сала кетсек, биыл Мәслихаттың мамыр айындағы сессиясында 164 көшенің атауын өзгертуді ұсынылған болатын.
«Үзік-үзік көшелердің барлығына мысалы, Абай аты берілген. Мұхтар Әуезов көшесі де солай қайталана берген әрі өз деңгейінде емес. Сонымен бірге, кейбір көшелер атаусыз болған. Қатынас құралдарының, қоғамдық көліктердің баруына және басқа да жұмыстардың барлығына қолайсыз болғандықтан, сол көшелерді ретке түсіріп, қайтадан ат беру – қаламыздың көркіне де, жұмысына да қолайлы», – деді
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ.
Сондай-ақ, бүгінгі жиында Мәслихаттың екі депутаты өз еріктерімен орындарын босатты. Оның бірі – бұрын Алматы әуежайын басқарған Айбол Бекмұхамбетов болса, екінші депутат – танымал байкер Дмитрий Петрухин. Осыған байланысты алдағы қазан айында сайлау өтіп, жаңа депутаттар таңдалады. Жалпы, Алматы қаласында бас-аяғы 37 депутат болса, оның үшеуі мандаттарынан бас тартқан.
«Мәслихат депутаты қатардан қалмай жұмыс істеуі керек. Ал менің ондай мүмкіндігім жоқ. Үнемі жер шарын аралап жүремін. Сайланушылар мен әріптес депутаттардың алдында ыңғайсыз. Осымен үш шақырылым жұмыс істедім. Географиялық қоғамның төрағасы және «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан, физикалық тұрғыдан сессияларға қатыса алмаймын. Сондықтан тізгінді тартып, орнымды босатуды жөн көрдім», – дейді байкер Дмитрий ПЕТРУХИН.