Алматыда шлагбаумы бар ақылы көлік тұрақтары пайда болады

Алматыда шлагбаумы бар ақылы көлік тұрақтары пайда болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл қалада тағы он нысанда шлагбаумы бар ақылы көлік тұрағы пайда болады. Арнайы орындар Солтүстік айналма жолында орналасқан базарлар маңына, бизнес нысан алдына және бірнеше көшелердің бойына қойылмақ. Қазір қала бойынша 68 паркомат жұмыс істеп тұр. Былтырдан бері алты мыңға жуық тұрақ орны пайда болса, оның 143-і мүмкіндігі шектеулі жандарға арналыпты.

Бұл Нұрлы тау алаңына енгізілген ақылы көлік тұрағы. Қазір бұл жерде жүргізушілер қолма-қол төлемді осылай жүзеге асырады. Енді мамырдың соңында көлік иелері тұраққа төлем жасау үшін, әрлі-берлі сабылмайды. Себебі мұнда шлагбаумы бар тұрақ енгізіледі. 

«Нурлы тау маңындағы тұрақтың ерекшелігі тратуарлы тұраққа қарағанда мұнда шлагбаум орнатылады. Шлагбаумда пост төлем режімі бар, яғни тұраққа кіріп бара жатқан жүргізуші шлагбаумнан өтерде билет алады да қайтар жолда сол билеті арқылы төлем жасап жүре береді»,- деді «Алматы СПЕЦТЕХПАРКИНГ" ЖШС ақпараттық технология бойынша директоры, Роман НАЛЕПОВ. 

Бұдан бөлек, аталмыш шлагбаумдар биыл Солтүстік айналма жолында орналасқан "Адем", "Яль-Ян", "Олжа" базарларының аумағында пайда болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін Райымбек, Сейфуллин, Қалдаяқов және әл-Фараби даңғылдарында да ақылы автотұрақтар салынбақ. 

«Біз көлігі көп жерлерге назар аударамыз. Мәселен, базар маңдарына, бизнес-орталықтары алдына орнатамыз. Сондай-ақ, Райымбек даңғылынан бастап, Сейфуллин, Қалдаяқов көшелері мен әл-Фараби даңғылына тратуарлы тұрақтар енгізбекпіз»,- деді «Алматы СПЕЦТЕХПАРКИНГ" ЖШС ақпараттық технология бойынша директоры, Роман НАЛЕПОВ. 

Шаһарда ақылы паркингтердің орнатылғанына көп бола қойған жоқ. Былтыр енгізілген жүйеден қала қазынасына 250 миллион теңге табыс түсіпті. Ал жоба авторлары қала трафигін 25 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр екен. Сөздерінше, бұл шаралар «көлеңкелі заңсыз» кәсіптің көзін жоюға ықпалдаспақ.  

«2015 жылы тұрақтардан қала бюджетіне 54 млн теңге кіріс кірген болатын. Ал қазіргі жағдайды алсақ, бұл көрсеткіш бірнеше есеге жоғарылағанын көріп отырмыз. Ешқандай адами фактор жоқ, бәрі ашық»,- деді «Алматы СПЕЦТЕХПАРКИНГ" ЖШС директоры, Марат ПІРІНБЕКОВ. 

Қажетті ақпаратты алу үшін жүргізушілер арнайы құрылған колл-центрге хабарласуларына болады. Бұдан бөлек, паркинг аумағына енген үйлердің тұрғындарына құны 6000 теңгелік 6 айға арналған жеңілдігі бар абонемент қарастырылған. Бизнес орталықтардың қызметкерлері де сол сияқты жеңілдікке ие бола алады.

Назкен Байтілес, Қанат КИгізбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров