Алимент төлемейтін борышкерлер жұмыспен қамту орталығына шақырылды

Алимент төлемейтін борышкерлер жұмыспен қамту орталығына шақырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алиментін төлемейтін борышкерлер жұмыспен қамту орталығына шақырылды. Сөйтіп, жұмыссыз жүргендерге 2 мыңнан аса бос орындар ұсынылды. Тіпті арасында басшылық лауазымдар да бар. Бос орындар үміткерлердің шама-шарқына қарай таңдалып, ұсынылады. Ал берілген жұмысқа нақты орналасу үшін азаматтарға ойлануға бір айдай уақыт беріледі. Егер осы мерзім аралығында жұмысқа тұрмаса, онда қарызы бар әкелермен іс басқаша жүргізілмек.

Жұмыспен қамту орталығының есігі өз балаларына ақы төлемей жүрген әкелер үшін айқара ашылды. Алиментін төлемеу үшін айласын асырып жүрген борышкерлер де бар арасында. Айтатын сылтаулары - жұмыстың жоқтығы. Ал қаланың прокурорлары бұл мәселені шешуге білек сыбана кірісіпті.

Білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Жұмыс берушілер борышкерлердің қарызы барына қарамастан, олардың кәсібилігін бағалауға дайын. Тіпті кейбір мекемелер үміткерлерге директор, басшының орынбасары сияқты 200-ден астам бос орынды ұсынып жатқанға ұқсайды.

«Қазір жұмыспен қамту орталығында бізде 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары тіркелген жұмыс берушілерден келген. Осы бос жұмыс орындарының ішінде 600-ден астамы жоғары оқу орындарын бітірген талап қойылған. Сонымен қатар 1500-ден астамы орта оқу орындарын бітірген талаптар бар. Қалғандары оқуы бойынша талаптар қойылмаған», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар ӘБУЕВА.

Жұмыссыздар санын азайту мақсатында бизнеспен айналысқысы келгендерге де мүмкіндіктер қарастырылыпты. Мәселен өз кәсібін ашам деушілерге микрокредиттер беріледі. Ал ұсынылған жұмыстарға үміткер бір айдың көлемінде кіріспесе, оларға қатаң шара қолданылмақ.

«Бағыт береміз, егер бұл бағыт бойынша бір айдың көлемінде тіркелмей, жұмыс атқармай жатқан болса, бұл жерде де өзінің жауапкершіліктері бар. Оның бәрі түсіндіріледі қазір. Сонымен қатар, қазіргі таңда  Алматы қаласы бойынша жауапкершіліктер айтатын болсақ, 176 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 5 боыршкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның үшеуі бойынша сот өкімі шықты. 2-уі қаралуда», - деді Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім басшысы Ерлан ҚАСЫМБАЕВ.

Қазір алиментті қайтару бойынша 8 мыңдай азаматтың құжаты қаралып жатыр. Олардың 20 пайызы балаларының күтіміне төленетін қаржыны екі қолға күрек таппағандықтан өтемей жүргендіктерін айтып ақталатын көрінеді.

Назкен Байтілес, Елдар Мұқашев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров