Алматыда смарт тұрақтар пайда болады

Алматыда смарт тұрақтар пайда болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда смарт тұрақтар пайда болады. Жоба авторларының ойынша, бұл қала көшелері мен ауладағы көліктердің жүктемесін азайтуға септігін тигізеді. Айтпақшы, жол жиегіндегі, тротуарлар мен ойын алаңдарында темір тұлпарын қаңтара салғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл арқалайды. Жыл басынан бері 2 мың тізгіншіге 26 миллион теңге айыппұл салыныпты. Әріптесім Азамат Әуезхан тақырыпты толығырақ айтып береді. Азамат, қайырлы кеш! Жүргінші жолын көлік көлегейлеп тұрса қандай әрекет жасау керек?

Қайырлы кеш, Тоғжан! Ия, тротуарды тұрақ ретінде пайдаланатындар қазір азаймай отыр. Бірақ тұрғындарда шама-шарқынша оларды жазалаудың жолдарын тапқан секілді. Мысалы, мына бейнекадрларда қаладағы ықшам аудандардың бірінде темір тұлпардың тізгіншісі жүргіншілер жолына көлігін қаңтара салғаны көрініп тұр. Балалы аналар мен қозғалуы қиын жандар ұшып өтпесе жүре алмайды.

Ғаламторда бұл ролик тез тарап, ақырында Әкімшілік полиция комитетіне жеткен.  Тәртіп сақшылары сол мезетте әрекет етіп, жүргізушіні тауып, тиісті жазасын да берген. Бұл жағдай қайталанатын болса, жүргізуші көлігі айыптұрағына әкетіледі. Айта кетейік, мұндай бейнероликтер мен суреттер ғаламторда толып жүр. Тек тиісті жеріне үнемі жете бермейді. Сондықтан еліміздегі ақпараттық сайттардың бірінде «Мой руль - мои правила» деген айдар да ашылған. Екі жылдың көлемінде Алматы, Астана, Шымкент пен Тараз қаласынан 50 шығарылымға жететін материал жарияланған.

«Бізге келетін барлық материалдарды әкімшілік полиция комитетіне жібереміз. Ал олар болса, тез арада бізге заң жүзінде жауап береді. Яғни, жүргізуші бұрын жауапқа тартылған ба, шынымен құқықбұзушылық болып санала ма деген сұрақтарға жауап аламыз. Бірақ бір шарт бар. Түсірілген сурет пен бейненің жасалған уақыты бір айдан аспауы керек»,-деді «tengrinews.kz» журналисті Владимир ПРОКОПЕНКО.

Ал тәуелсіз автомобиль одағы өкілдерінің айтуынша, тізгіншілердің көліктерін аулаға қоймасқа амалы жоқ. Өйткені қаладағы тұрақтар саны аз немесе кей жерлерде мүлдем жоқ.

«Жақын маңдағы аулалар көліктерге толып тұрады. Мысалы менің кеңсемнің тұсына тоқтау үшін 6:45-те келу керек. Ал жеті жарым шамасында мұнда орын болмайды. Тиісінше, барлығы жақын маңдағы аулаларға баруға мәжбүр. Өкінішке орай жыл санап адамдар мен көліктердің саны артуда. Бұл қарама-қайшылықты шешудің амалын мен айтуға қазір қиналамын»,-деді Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы ЭДУАРД ЭДОКОВ.

Бірақ кей пысықайлар амалын тапқан көрінеді. Шлагбаумды аулаға орнату арзан дүние емес. Сондықтан мынадай жазуы бар темір қоршаулар орнатып алған. Бөтен көлікке рұқсат жоқ,  тек осы үйде тұратын тұрғындарға арналған. Бұдан бөлек, қолдан жасалған тор қоршаулар мен гараждарды да көруге болады.

«Бір-бір орынды өзіне тиесілі етіп алмай, нәтижесінде, қаладағы, оның ішінде, өз ауласындағы тәртіпті орнатуға өз үлесін қосу керек. Әкімшілік кодекстің 505-ші бабының нормаларына сай, бұл іс-әрекет құқық бұзушылық болып табылады. Бастапқыда құқық бұзушыға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып тағылады. Содан соң, 10-15 көрсеткіш көлемінде. Нәтижесінде, егер тұжырым шығарылмайтын болса, онда автокөлік арнайы айып тұрағына қойылады»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Жыл басынан бері көлігін дұрыс қоймаған 2 мыңнан астам жүргізушіге айыппұл салыныпты. Мемлекет қазынасын 26 миллион теңгеге қампайтқан. Бұл Алматы қаласы бойынша ғана. Ал тұрақ мәселесі Ресей, Корея мен Жапонияда шешілген екен. Көп ярусты тұрақтар әр көшеде орнатылған. Жұмыс істеу тәртібі де қиын емес. Ең басты айырмашылығы мұндай тұраққа бірден жиырма екі көлік оңай сыйып кетеді.

«Бұл тұрақ жүйесінің тиімділігі мықты, тыныш әрі аз орын алатындығында. Алматы қаласы үшін 8,3 балдық жер сілкінісіне төзімді келеді. Тағы бір ерекшелігі 13 көлік тұратын орынға жүзге жуық автомобиль сияды»,-деді смарт тұрақтар дистрибьютор-компаниясының директоры Ержан ЧАЛДАНБАЕВ. 

Аталған жүйе жеңіл жиналып, оңай құрастырылады. Оны бір жерден екінші жерге көшіруге де болады. Компания алдағы уақытта мұндай тұрақтарды қала бойынша орнатуды жоспарлап отыр. Қазір ақылды тұрақты салынатын орынды анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылған екен.

- Ал бұл озық техника қанша тұрады?

- Бізге де қызық болып сұрап едік, коммерциялық құпия деп айтпады.

- Рақмет

! Инновациялық тұрақтар туралы ақпар берген әріптесім Азамат Әуезхан болатын. Ал біз хабарымызды одан әрі жалғастырамыз.


Новости партнеров