Жолаушылардың жүгіне ұрлыққа түскен тағы екі әуежай қызметкері ұсталды. Желілік полиция өкілдері өткен түні халықаралық терминалдан ұрлық жасады деген күдікпен Алматы облысы мен Батыс Қазақстан облысының тумасын қолға құрықтаған еді.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, әуежайдағы ұрлықшылар 3 ақпан күні «Алматы-Ашхабад» рейсімен қатынаған жолаушының жүгінен 3100 АҚШ долларын жымқырған. Шетелдік азамат ақшасының ұрланғанын Түркменстан аумағына ұшып барғанда бірақ біліпті. Ұсталғандар полиция қызметкерлеріне ұрланған валютаны жұмсап үлгергенін, бірақ залалды өтеуге дайын екендерін айтып ақталыпты.
«Менің ойымша, олар топ болып жұмыс жасайды. Өзара байланыс орнатып, бір-бірілерінің артын жауып, өте мұқият ұйымдасқан түрде әрекет етеді. Алдағы уақытта қолға түскен азаматтардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы барма анықтайтын боламыз», - деді Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция тергеу бөлімінің басшысы Ғабит АРҒЫМБАЕВ.
Жыл басынан бері Алматы әуежайының полицейлеріне жүктері тоналған 6 адамнан өтініш түсіпті. Сақшылар осының барлығын бір ғана топ ұйымдастырып отыр деп күдіктенеді. Желілік полиция 2 күн ішінде ұрлыққа қатысы бар деген 5 күдіктінің төртеуін ұстады. Олардың ішінде осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын сотталған азамат та бар. Ал, 1 күдікті ізін суытып, жасырынып үлгерген. Десе де, полицейлер оны көп ұзамай қолға түсіреміз деп отыр.
«Ұрлық фактісін жолаушылар өзге жерге ұшып барғанында бірақ біледі. Кейін Алматыға қайта жолы түскенде полицияға келіп арыз тастады. Біз содан кейін барып іздеуді бастаймыз. Бұл жолаушылардың өздеріне байланысты. Егер олар ертерек арызданған болса, біз қылмысты ізін суытпай ертерек ашар едік. Бірақ кейбір жолаушылар шетелде болады да, шағымдарын почта арқылы жіберіп жатады. Бұл біздің жұмысымызға қиын. Ұрлық бойынша түскен 6 шағымның қазір тек екеуін ашып отырмыз», - деді Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция тергеу бөлімінің басшысы Ғабит АРҒЫМБАЕВ.
Айта кетсек, барлық күдіктілер әуежайдың аумағына емін-еркін кіріп-шығуына рұқсат болған. Қазіргі уақытта ұсталғандар өздерінің екі ұрлыққа қатысы барын мойындапты. Бірақ зардап шеккендер саны күдіктілер сияқты арта түсуі мүмкін. Себебі ұсталғандар шетелген ұшып бара жатқан ұшақтардағы жүктерді тонаған.