Алматыда «Амазонкалар» деректі фильмінің түсірілімі аяқталды

Алматыда «Амазонкалар» деректі фильмінің түсірілімі аяқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Амазонкалар» деректі фильмінің түсірілімі аяқталды. 18-інші қазанда түсіріліп басталған фильм шетелдік компаниялардың қызығушылығынан туындап, солардың тапсырысымен жасалған. «Амазонкалар» деректі фильмінің премьерасы келер жылы қазан айында Америка Құрама Штаттарында өтеді,- деп жоспарлануда. 


Фильмнің соңғы түсірілім күнінде жұмыс қызу жүрді. Әсіресе, актерлердің шеберлігі байқалды. Дайындық кезеңі 1 айға созылған туындының шығармашылық тобы бұған дейін Алматы облысында, Таңбалы таста жұмыс жүргізіпті. Каскадерлердің қатысуымен жасалған фильм - жастайынан жетім қалған қыз баланың тағдырын баяндайды.

"Сол қыздың тарихын көрсетеміз. Кішкентай кезден қалай өсті, батырлыққа қалай үйренді. Не себептен батыр болды, қалай басқарды. Басқа ұлттарға соғысқа қалай барды. Соны көрсетеміз. Көп интервью береді профессорлар, тарихшылар, сол дәуірде қалай өмір сүрді. Соның бәрін көрсетеміз, костюмдермен, қару-жарақпен. Сол дәуірдегі адамдардың өмірі жайында",- деді «Амазонкалар» жобасының атқарушы продюсері, Нарын ИГІЛІК.

Деректі фильмді түсіру барысында Қазақстан кинематографы тарихында тұңғыш рет біздің д.д 5 ғасырда пайдаланылған ғажап костюмдер мен қару-жарақтар жасалды. Еліміздің қорғандарынан табылған қару-жарақтарға қарап отырып, тарихшылардың кеңесіне сүйене отырып, өзімізде олардың эскиздері жасалды.

"Фильмнің ерекшелігі - біз осы фильмге әдейі сол ғасырдағы костюмдерді тіктік. Сосын қару-жарақтарды істедік. Әдейі осы фильмге арнап. Бұрын бізде Қазақстанда сол дәуірдің қару-жарақтары, костюмдері болмапты",- деді «Амазонкалар» жобасының атқарушы продюсері, Нарын ИГІЛІК.

Шетелдік компаниялардың тапсырыс беруімен жасалып жатқан фильмге актерлерді таңдау - қашықтықтан жүргізілген. Батыр қыздардың рөлін Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай, Динара Бақтыбаева және Хулан Чулуун сомдады. Біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырдағы сақ дәуіріндегі жауынгер тұлғалардың бейнесін ашу - басты рөль сомдаушыларға оңайға соқпаған көрінеді.

"Тіпті көзқарастың өзінде. Қазіргі заманғы қыздың бейбарақат көзқарасы емес. Ол кезде бәріне сақ қарайсың, бәріне дайын тұрасың, қазір жау келіп қалады деп. Сондықтан, тісірілім алаңында түрің сол жерде өзгере бастайды",- деді Актриса, Ғазиза Таңшолпан ТІЛЕУБАЙ.

Ұзақтығы - 52 минутты құрайтын «Амазонкалар» деректі фильмінің әлемдік премьерасы 2017 жылдың қазан айына белгіленіпті. Ал жобаға қатысушылар келер жылы елімізде де туындының тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы
Новости партнеров