Алматыда коммуналдық қызмет автопаркі жаңарып келеді

Алматыда коммуналдық қызмет автопаркі жаңарып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коммуналдық қызмет автопаркі бірте жаңарып келеді. Жұртты жылумен қамтып, қаланы қатқыл қалдықтан арылтып жатқан қос мекеме жаңа жабдықтармен толықты. Енді тозған техникаларды елімізде құрастырылған заманауи құрылғылар алмастыратын болады. Коммуналдық мекемелердің жеке қаражатына сатып алынған көліктердің барлығы газбен жүреді. Сондай-ақ, олардың әр қайсысы «GPS-навигаторлармен» жарақталған. Озық жабдықтар қала басшысы Бауыржан Байбекке таныстырылды.


«Алматы жылу желісі» мекемесі бөріктерін аспанға атты. Олар жарты ғасыр бойы қолданып келген көне көліктерін жаңасына ауыстырды. Бірден 60-тан аса арнайы техника сатып алып, жұмыстарын жандандырды. Заманауи көліктерді алуға 630 млн теңге жұмсалған екен. Арасында автокран да, эксковаторлар мен жүкті өзі түсіретін техникалар да бар.   


Жаңа жарақтар қала басшысы Бауыржан Байбекке таныстырылды. Осыған дейін, жұмысшылар ақау кезінде апатты ауыздықтауға кемінде 3 сағаттарын сарп ететін. Ал, жаңа техникалардың қолданысқа берілуімен - ақауды қалыпқа келтіру жұмыстары айтарлықтай ілгеріледі. Қуантарлығы - «Алматы жылу желісі» мекемесі алғаш рет ассенизатор алып отыр. Ол да су соруға кететін уақытты 15 пайызға үнемдейді екен.                                


«Аварияны жөндеуге, суды тоқтатуға, суды жіберуге арналған көбінесе осындай техника мен арнайы жабдықтар осы жерге келіп тұр»,- деді «Алматыжылужелісі» АҚ бас директоры, Жанат НҰРҒАЗИН.


Жаңа техникалардың барлығы газбен жүреді. Кабиналар жұмысшыларға жайлы етіп жарақталған. Көліктердің әрбіріне «GPS-навигаторлар» орнатылыпты. Ол - арнайы техниклардың қай аумақта жүргенін бақылап тұруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, «Тәртіп» мекемесі де 32 арнайы техникамен толықты. Аталған көліктерді алуға 581 млн теңге жұмсалған. Жаңа жарақтар Универсиада ойындары кезінде көп көмегін тигізбек.           


«Алматыда орта есеппен бір күнде мың тонна қалдық сыртқа шығарылады. Қоқыстар қаланың 54 аумағынан жиналады. Жаңа техникалардың сатып алынуымен бұл жұмыстар жеңілдемек. Жұмысшылар кейде ескі көліктерді жөндеумен уақыттарын өткізетін. Ал, енді ол іске бас қатырмайды»,- деді «Тәртіп» АҚ төрағасының орынбасары, Мұхтар ИСЛАМОВ.                    


Қазір Алматыдағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 1200 шақырымға жуықтайды. Соңғы 5 жылда оның 125 шақырымы жаңарып, толықтай жөндеуден өткен екен. Есесіне, апатты жағдайлар 15 пайыздан 7 пайызға бірақ қысқарған.                                                     

 

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» Телеарнасы    



Новости партнеров