Астанада Сирияның болашағы туралы келіссөздер басталды

Астанада Сирияның болашағы туралы келіссөздер басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сирияның қарулы оппозициясы мен Үкімет мүшелері  бір үстел басына жайғасты. 6 жыл қатарынан қандықол соғыстан көз ашпаған Сириядан мінбердегілерге қарсы 15 ұйымның өкілі келген. Бұдан бөлек, Ресей, Түркия, Иран елдерінің де делегаттары бар. Бас аяғы 7 тарап  ойранды осы жерде тоқтатуға бел шеше кіріскен. Төрткүл дүние  тараптардың ымыраға келіп, атысты доғаруын демін ішіне тартып тілеуде. Ал сойқан соғыстың тоқтап, ортақ мүдде үшін  елдердің бас қосуын Қазақстан о баста қос қолдап қолдаған. Қазақ елі осы мақсатта Астана процесін ұйымдастырды. Астанадағы арнайы тілшіміз Айжан Шамшидин келесі сюжетте оқиғаның қалай өрбігенін айтып береді. 

Астана процесінде  Қазақстан бітімгер рөлін өзіне бекіте алады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылардың пікірі осыған саяды. Сағат бірге жоспарланған Астана процесі 45 минутқа кешігіп басталды. Жиынның шымылдығын  қазақ елінің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі ашты. Оны көпшілікке Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді. 

«Біздің еліміздің бүгінгі келіссөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Астанада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіссөздерінің екі раунды өтті. Сирия халқына түскен ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам қаражат бөлдік, жақында 500 тонна азық-түлік түрінде ізгілік көмек жолдадық. Астанаға келген барлық мүдделі тараптар Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдіремін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі жемісті болуына тілектеспін»,- деді ҚР сыртқы істер министрі, Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Тараптардың сойқан соғысты тоқтатуға бастамашы болуы, ортақ мүдде үшін бас қосуы  «тоңның жібігенін» көрсетеді. Яғни, «атысты тоқтатса» деген алғашқы қадам бар және сол қадам дәл осы жерде Қазақстанның елордасы Астана қаласында басталып отыр. Егер қос жақ сәлде болса ымыраға келе алса Женевада ресми түрде келіссөздер басталады. Ол келер айдың басына жоспарланып отыр.

«Егер біздің алаңда өткен Астана процесінде маңызды келісімдерге қол жеткізілсе, ол өз кезегінде Женева келіссөздерінің сәтті немесе сәтсіз өтуіне әсер етеді. Сондықтан, Астана процесінің Сирия дағдарысын шешудегі рөлі өте жоғары. Бұл - Қазақстан тарапынан түрлі әлемдік ойыншылар алдында істелген жасалған ерік-ниеті. Ол - Қазақстанға деген сенімнің белгісі. Женевада да өзінің басымдықтары мен кемшіліктері бар. Қазақстан беделі ескерілгендіктен, Ресей мен Түркия президенттері Астанаға толығымен арқа сүйеді»,- деді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, Санат КӨШКІМБАЕВ. 

Арнайы тарихи сәттің ақпаратын жер жаһанға тарату үшін Астанаға 25 мемлекеттен 386 БАҚ өкілі келген. Барлығы «Қазмедия» орталығындағы баспасөз орталығына жайғасқан. Ал көшенің арғы бетінде  «Риксос» қонақүйінде келіссөздер өтуде. Қазір Сириядағы босқындар саны 5 млн-ға жеткен. Атамекенін тастап кетуге мәжбүр еткен соғыс халықты әбден қажытқан. 400 мың адам жан тапсырған. Бұл үйіндінің астында қалғандарын қоспағандағы ресми санақ қана. 

«Сириядағы қарулы жанжалды тоқтатуға бұған дейін де әрекет жасалды. Мәселен, былтыр ақпан мен шілде арасында Батыстың бастамасымен Женевада бірнеше рет келіссөздер өтті. Алайда, оппозиция мен үкімет бомбалауды тоқтату, көтерілісшілер тарапынан делегат жасақтау, Асадты биліктен кетіру мәселелерінде ортақ мәміле келген жоқ. Сондықтан, ол кездесулер сәтсіздікке ұшырады»,- деді ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары, Роман ВАСИЛЕНКО. 

Кеңес жабық есік күйін де өтіп жатқандықтан, тараптардың  қандай бәтуаға келгенін біле алмаймыз. Бұл тек қорытынды кездесуде белгілі болмақ. Тек анығы, Қазақстан келіссөздерге тікелей араласпайды.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» Телеарнасы, Астанадан



Новости партнеров