Астанада жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағдаршамдар қойылмақ

Астанада жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағдаршамдар қойылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жыл аяғына дейін барлық 105 реттелмеген жаяу жүргіншілер жолының 17-сі жойылып, қалғанына бағдаршам орнатылады. Бұл туралы Астана қаласы Ішкі істер департаментінің өкілдері мәлімдеді. Бірінші кезекте жақында ғана 15 жастағы қыз баланы қағып кеткен Қабанбай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнатылмақ.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде қаланың көше-желілерінің жалпы ұзындығы 1 мың 147 шақырымға жуық. 2017 жылы полиция қызметкерлері қала ішінде 320 рет тексеру өткізген. Астана қаласындағы Жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары басқармасына, аудан әкімдіктеріне және басқа да мүдделі органдарға 422 ұйғарым берілген. Сонымен қатар, қалада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол желілерін дұрыс күтіп- ұстамаған жауапты 244 лауазымды адам жауапкершілікке тартылған. Айта кетейін, бұған дейін Ілияс Есенберлин, Қарасай батыр, Абай даңғылы мен Әзірбайжан Мәмбетов көшесіндегі норма талаптарына сай емес жаяу жүргіншілер жолы алынып тасталған болдатын.    

«Қауіпті орындар бар. Соның бәрін біз тексерістен өткізіп, 105 орын, жаяу жүргіншілер өтетін 105 орын алдық. Оның барлығын біздегі Жолаушылар көлігі басқармасыменен бірге жоспарлап,  биылғы жылы сол 105 орынның 57 орнын бағдаршам қойдырып, 17 орны аса қауіпті болғананан кейін, ол жерде жаяу жүргіншілер алып тастауға...», - деді Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан АЛТЫБАЙ.

Сонымен қатар, департамент өкілдері елордада әр бөлігінде орналасқан «Сергек» камералары жайына да тоқталды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан аппараттық-бағдарламалық кешен біршама жұмыстарды жеңілдеткен. Әрі заң бұзушылықтарды оңай анықтауға септігін тигізіп отыр

«Бір жыл бұрын іске қосылған жүйе арқылы былтыр 2017 жылы 35 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркеліп, ереже бұзғандардан 242 млн, ал жаңа жылдан бері  1 жарым мың оқиға тіркеліп, 9 млн теңгенің айыппұлы салынған. Сондай-ақ өткен жылы аталмыш жүйенің арқасында жол-көлік оқиғалары 17,7 пайызға төмендеген», - деді Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан МАЛЫБАЕВ.

Тағы бір айта кетер жайт, жол жүру ережесін бұзғандарды жазып алатын автоматты жүйесі жақсара түспек. Бүгінгі күні қалада «Ред Спид» станционарлық жылдамдық өлшеуіші, «Вокорд» апараттық кешені мен «Интегра» атты жол қозғалысын қадағалайтын 115 жүйе іске қосылған. Айта кетеу керек, жыл басынан бері Астана жол-көлік апатынан 5 адам мерт болса, өткен жылы 583 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 624 адам жарақат алып, 60 азамат көз жұмған.  


Новости партнеров