Атлетикалық ауылда Қазақстан құрамасы Аспан асты елінің өкілдерін салтанатты түрде қарсы алып, ауылда Қытай жалауы көтерілді. Мерекелік шараға екі елдің құрамалары қатысты. Бүгінде спортшылар дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Алғашқы ойындары шайбалы хоккейден 28-ші қаңтар күні Қазақстанмен өтеді. Толығырақ Азамат Әуезханның бейнематериалында.
Атлетикалық ауылда Қытай Халық Республикасының жалауы көтерілді. Универсиада ойындарына қатысушыларға қошемет көрсетілді. Аспан асты елінен келген делегаттарға атлетикалық ауылдың мэрі Серік Сәпиев сәттілік тілеп, спортшыларға тиісті жағдайдың жасалғандығын атап өтті.
«Біз сіздердің атлетикалық ауылда жаңа достар тауып, көп ұлтты Қазақстандағыдай бейбіт пен келісімде уақыт өткізесіздер деп сенеміз. Сіздерді атлетикалық ауылда қызықты мәдени бағдарлама күтіп тұр. Атлетикалық ауылдың мэрі ретінде мен және менің командам кез келген уақытта көмектесуге дайынбыз»,- деді Атлетикалық ауылдың мэрі, Серік СӘПИЕВ.
Екі тарап өкілдері салтанатты шара барысында естелік кәдесыйлармен алмасты. Қытайлық спортшылар Алматы ауа райының ерекшелігін айтып, қазақ жұртының қонақжайлылығына тәнті болды.
«Менің Қазақстанға, оның ішінде, Алматыға алғаш келуім. Бұл қала маған өте қатты ұнады. Қазір 28-ші қаңтарда өтетін сайысқа дайындалып жатырмыз. Маған тағамдары ерекше әсер қалдырды»,- деді ҚХР құрамасының мүшесі, Джачан БАУ.
Айта кетейік, Қытай мен Қазақстан 28-ші қаңтар күні ерлер арасындағы шайбалы хоккейден алғашқы сайыстарын өткізеді. Қазіргі таңда, екі команда да дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.
«Біз жарысқа дайындалдық. Ұзақ дайындалдық. Ендігі Универсиадалық жарыста біз өзіміздің қарсыластарымызды жеңеміз деп ойлаймын. Біз ойнайтын жерде Канада құрамасымен, Ұлыбритания, Қытай командаларымен ойнаймыз. Бірінші орынды алуға барлық күшімізді саламыз»,- деді Шайбалы хоккейден қазақстан құрамасының мүшесі, Аида ОЛЖАБАЕВА.
Жалпы, Қытай Халық Республикасының намысын қорғауға 119 спортшы қатысады. Ал Универсиада ойындарын аспан асты елінің тұрғындары жергілікті екі телеарнадан тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алыпты.
Азамат Әуезхан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы