Оқуын тәмәмдайтын түлектерге арналып бос орындар жәрмеңкесі өтті

Оқуын тәмәмдайтын түлектерге арналып бос орындар жәрмеңкесі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әуелгі байлық - денсаулық. Еліміздің өңірлерінде педиатрия, терапия сияқты медицина мамандары тапшы. Дәрігерлерге  көбіне Алматы қаласы мен Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарында сұраныс көп. Осыған орай биыл оқуын тәмәмдайтын түлектерге арналып бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жас дәрігерлерге ана мен бала өлімін жою, онкологиялық ауруларды алдын ала анықтау, қан айналым сырқаттарын емдеу сияқты мақсаттарды жүзеге асыру талабы қойылған.

Нұрсұлтан Күнжан биыл 5-ші курсты бітіріп, толық маман иесі болуға дайындалып жүрген студенттердің бірі. Медико-профилактикалық мамандығында білім алатын студент үшін бос орындар жәрмеңкесінің маңызы ерекше. Себебі, мұнда оған жұмыс берушілерге өзін жан-жақты қырынан көрсетуге үлкен мүмкіндік туады. 

«Спид, туберкулез деген ауруларын алдын аламыз. Негізгі біздің мамандығымыздың басты бөлігі профилактикамен айналысады. Мен осы жәрмеңкеге келген себебім, болашақта өзім тұтынушылардың құқығын қорғау саласында жұмыс істегім келеді. Сол үшін өзіме жұмыс қарап жүрмін. 5 жыл оқыған өзімнің білімімді халыққа көрсетіп, көмектескім келеді»,- деді Студент, Нұрсұлтан КҮНЖАН. 

Жәрмеңкеде табысты әрі тұрақты қызметке тұрғысы келген жас түлектерден бөлек, білікті мамандарды қарайлап, іздеп жүрген жұмыс берушілер де бар. Мәселен, Қостанай облысына еңбек етуге барған мамандарға 2 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы берілмек.

«Биылғы жылы біздің облысымызда бірінші рет болып отырған жағдай. Облыс әкімінің шешіміменен тапшы мамандарға әр мекемеге біреуден-екеуден үкіметтік дипломмен ауылға деген бағдарламаға қосымша тағы 2 млн теңгеден көтерме төлемақы қарастырылып отыр. Өз басымды айтсам мен Ұзынкөл ауданының ауруханасының бас дәрігерімін маған педиатр маманы өте тапшы. Сондықтан, егер педиатр маманы табылса оған осындай жағдай қарастырамыз»,- деді Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Орталық ауруханасының бас дәрігері, Қамза ЕРЖАНОВ. 

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге еліміздің өңірлерінен 250 жұмыс беруші мекемелері келіпті. Республика бойынша медицина саласына 2 жарым мыңға жуық маман жетіспейтін көрінеді. Әсіресе терапия, педиатрия, анестезиология және инфекциялық ауруларды емдейтін ақ халаттылар тапшы екен. Ал Алматы қаласы бойынша 400-ге жуық бос орын бар.

«Бұл көбінесе педиатрлар, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, реаниматолог, анестезиолог, кардиологтар және тағы да басқалары. Біз ойлаймыз Алматы қаласы бойынша осы бос орындарды университеттің түлектерімен қамтамасыз ете аламыз деп»,- деді С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің проректоры, Рахима ЖҰМАШЕВА. 

Түлектер ауылдық аймақтарға еңбек етуге баратын болса, олардың айлық табысы 25 пайызға өседі. Және жас дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп, тұрғын үймен қамту жеңілдіктері қарастырылған. Аталмыш жәрмеңке 2017 жылғы бітіретін түлектерге арналған.

Назкен Байтілес, Эльдар Мұқашев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров