Мәжілісмендер бір күндік жалақыларын Шаханда зардап шеккендерге аударады

Мәжілісмендер бір күндік жалақыларын Шаханда зардап шеккендерге аударады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаттары Қарағанды облысы Шахан кентінде орын алған апаттан жапа шеккендерге бір күндік жалақыларын аударатын болды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинның жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысында осындай қаулы қабылданды.

1 қаңтар күні аталған елді мекендегі көпқабатты үйде қазандық жарылып, 9 адам қаза тапқан еді. Бірнеше отбасы баспанасыз қалған. Қазір облыс бойынша осындай дербес қазандықпен жылытылатын үйлердің барлығына тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Шаханда жылытудың автономдық жүйесі бар-жоғы көпқабатты 19 тұрғын үйде бар екен. Тұрғындар қалған қазандықтардың тағы да жарылып кетуінен қорқып отыр.

«Шаханда қазандық болғанда, мұндай жағдай орын алмас еді. Бұл бәріне белгілі жайт. Биліктегілер 2013 жылы қазандықтардың құрылысы жүреді деп уәде еткен болатын. Әйтсе де, бюджеттегі қаражаттың жетіспеушілігінен бұл іс созылып кетті. Шахан ауылындағы осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз», - деді Қарағанды облысы Шахан ауылының тұрғыны Светлана ЕРЖҰМАНОВА.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 300 адам жұмылдырылды. Оның ішінде полиция қызметкерлері, денсаулық сақтау мамандары мен еріктілер де бар. Ал, орын алған оқиғадан зардап шеккен екі азаматтың жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалады.

«Көпқабатты үйдің құлауы салдарынан біздің ауруханаға, Мақажанов атындағы емханаға 2 тұрғын түсті. Бірі - оң жанбасы сынған 2005 жылғы қыз бала, екіншісі - білек сынығын алған 84-ші жылы туылған ер азамат. Екеуінің де жағдайы ауыр, бірақ қазір тұрақтанды. Одан бөлек, олар біршама жараланған, жабық бас-сүйек ми зақымын алған. Оларға қажетті көмек көрсетілді. Қазір науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында», - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Айжан ИСА.

Сондай-ақ Шахан кентінде апаттан зардап шеккендерге  көмек көрсететін арнайы бекет ашылды. Бекет ашылған күннен бастап жергілікті кәсіпкерлер мен өзге өңір тұрғындары да барынша көмек қолдарын созып жатыр. Оның ішінде қоғамдық бірлестіктер де бар.

«Қызыл жарты ай» қоғамы Шахан поселкісіне бардық. Біз 11 отбасына азық-түлік пен киім-кешек апардық, көмек көрсетілді. Ары қарай да жинап жатырмыз. Балаларға жылы киім, аяқ киім керек. Келген заттарды реттеп, апарып береміз. Ақшалай көмек көрсетілгені дұрыс», - деді «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру бөлімінің маманы Мадина ОМАРОВА.

Одан бөлек, төтенше жағдай орын алған түні кезекші болған от жағушының кім екендігі анықталды. Қазір тәртіп сақшылары оның тұрғылықты мекенін анықтау үстінде. Бұған дейін Шахан әкімі құлаған үйде кезекші болған от жағушыға іздеу жариялаған болатын. Үйдің неден құлағаны туралы нақты шешімді сараптама жүргізіліп біткеннен кейін арнайы комиссия жариялайтын болады.

Әнуәрбек Жәлел, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров