Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу науқаны басталды

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу науқаны басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді аттестатциядан өткізу науқаны басталды. Шенеуніктер өздерінің кәсіби біліктілігі мен жұмыстағы қабілетін көрсету үшін  арнайы тестілеу орталықтарына ағылды. Алдымен, Алматы қаласындағы сынақ алаңына таңның атысымен мемлекеттік органдардың басшылары келіп, өз мүмкіншіліктерін көрсетті. Айта кетейік, қалада 3 жарым мың адам аттестациядан өтетін болады.

Таңғы сағат тоғыздан бері Алматыдағы тестілеу орталығына шенеуніктер қаздай тізіліп келіп, партаға жайғасты. Тестілеуді алғаш болып Мемлекеттік органдардың басшылары бастады. Қойылған талап та оңай емес. Олар 2 сағат ішінде тестте көрсетілген 220 сұраққа жауап беріп үлгеруі тиіс. Сынақ тапсыруға бел буған азаматтардың қатарынан Алматы қаласы кірістер басқармасының басшысы Марат Сұлтанғазиев те көрінді. Мемлекеттік қызметте істегеніне 20 жылға жуықтаған басшы мұндай емтиханды алғаш өткеріп отыр екен. Сондықтан да толқыныс сезімі жоқ емес екенін жасырмады.

«Бұл сынақ өзіміздің жеке мүмкіндіктеріміз бен кәсіби біліктілігімізді тағы да тексеруге мүмкіндік береді. Жалпы біздің ұжымда 1300 қызметкер тестілеуден өтеді, ал 280 адам сынақтан босатылды. Олар зейнет жасына жақындағандар, мүгедек баласы барлар мен жалғыз басты аналар. Ал қалған тест тапсыратын қызметкерлеріміз үшін бар жағдай жасалады», - деді Алматы қаласы МКД басшысы Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ.

Мемлекеттік аттестаттаудан бірінші жартыжылдықта «Б» корпусындағы қызметкерлер тест өтуі тиіс. Олар алдымен түрлі заң жобаларына емес, керісінше, өзінің жеке қабылет-қарымын паш етеді. Яғни, тестте берілген сауалдарға дұрыс не бұрыс деп жауап беруге болмайды. Мұнда қызметшілер  өздеріне мейлінше жақын нұсқаны таңдауы тиіс. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкердің жұмысты жоспарлауы, оңтайлы шешім қабылдай алуы және халыққа қызмет көрсетудегі қабілеті зерделенді.

«Негізі қорқатын ештеңе жоқ. Оны өтетін басқа елдерде жылына бір рет жасайды, екі жылда бір рет жасайды. Бізге алғаш рет келіп отыр. 20 жыл мемлекеттік қызметте жүріп тестке бірінші рет келіп отырмыз, бірақ өте қызық болып тұр», - деді Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігінің басшысы Арслан ДАНДЫБАЕВ.

2 сағат ішінде сауалдарға жауап берген қызметкерлердің қолына сынақ нәтижесі бірден беріледі. Кейін шенеуніктер жоғары аттестаттау комиссиясымен сұхбаттасады.

«Сұхбаттасу кезінде тестілеудің нәтижесі де еске алынады. Сұхбаттасудың нәтижесінде атттестациялық комиссия 4 шешім қабылдауы мүмкін. Бірінші шешім, мемлекеттік қызметкер өзінің лауазымына лайықты немесе өзінің лауазымын жоғарылатуға жатады немесе лауазымынан төмендетуге жатады және жұмыстан босатуға жатады», - деді Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алматы қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Марат ДОСЫМБЕК.

Десе да аттестация, шенеуніктерді жұмыстан кетіруді көздемейді. Тек құзыреті мен қабылет-қарымын анықтауды, әрі әрмен қарай қызметін дамытуға бастама болмақ. Алматы қаласы бойынша, 3500 мемлекеттік қызметкер аттестациялаудан өтеді деп жоспарлануда. Орталықтағылар тәулігіне 116 адамды қабылдап, сынақты мамырға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қызметкерлердің тестті тапсыруы үшін бар жағдай да жасалыпты. Сынаққа ерте келген шенеуніктер күту залында отырып, уақыты тиімді өткізе алады. Ал, тест кезінде басы ауырып, балтыры сыздаса ақ халаттылар да көмек көрсетуге дайын отыр.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров