Жамбыл облысындағы жүк пойызының апатынан тоқтаған 14 пойыздың қозғалыс кестесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жамбыл облысында болған жүк пойызы апатынан 19 пойыздың қозғалыс кестесі өзгерген еді. Қазіргі уақытта жедел жұмыстардың арқасында 19 пойыздың бесеуі ғана кешіктіріліп жатыр», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов ҚТЖ бас ғимаратында өткен брифингте.
Оның айтуынша, аздаған уақыттан соң, аталған 5 пойыздың кестесі де жақын арада қалпына келеді.
«Ертеңге дейін қалған 5 пойыздың кестесін белгіленген уақытына қайтарғымыз келеді», – деп өз сөзін толықтырды Арман Сұлтанов.
Айта кетейік, 31 шілде күні Жамбыл облысында жүк пойызы рельстен шығып кеткен еді. Апат салдарынан 19 пойыздың қозғалыс кестесі өзгерді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесіне сәйкес, жолаушыларға жолда тұрған әрбір сағат үшін билет құнының 3 пайызы төленеді.
Қазірше жолда тұрып қалған 1400 жолаушы өтемақы алуға жүгінді, оларға жалпы сомасы 4,5 млн теңге өтемақы төленді.
Жаңартылған кесте ұлттық компанияның сайтында жарияланған.