Алматы облысында мектеп ашылды

Алматы облысында мектеп ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданы Исаев ауылында жаңа мектеп ашылды. Білім беру ошағы заманауи технологиямен жабдықталған. Мұнда ауылдағы 600 бала білім алатын болады. Жыл аяғына дейін ауданда тағы 3 білім ұясының құрылысы аяқталады.

Ел игілігіне берілген білім ордасы 600 оқушыға шақталған. Мектепте оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, сапалы білім алуына бар жағдай жасалыпты. Мұнда еңбек пәніне арналған шеберхана, түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер бар.

«Мектеп 3 ауысымдықты жою мақсатында салынған. Қазір мектебіміз бір ауысымға ауысып отырмыз. Мектебімізде 600 оқушы, 55 ұстаз қызмет істейді.

Бұрын мектеп жоқ кезде,оқушыларды көрші ауылға тасымалдап оқытылатын», - деді Алматы облысы Исаев ауылы орта мектебінің директоры Балжан ҚЫРҒАБАҚОВА.¤

Жаңа ғимаратты ауылдағылар көптен күткен еді. Себебі, бұрынғы білім ошағы апатты жағдайда тұрған болатын. Осыдан бір жыл бұрын ауыл тұрғындары біздің арнаға хабарласып мектеп туралы базынасын жеткізген еді. Одан бөлек, жол мәселесінің өзекті екенінде айтқан болатын.

«Жаңа мектеп ашылды. Қуанып жатырмыз. Енді бір өтініш әкім қараларға жолымызды жөндеп берсе екен. Жұмысқа батпаққа  батып келдік. Аяғымыздың бәрі батпақ», - деді Бақытжан НҰРҒАЛИЕВА.

«Біздің басшыларымызға айтатынымыз. Балаларымыздың бәрі осы мектепке келіп кеткенінше аяқтарының бәрі ылай болып кетеді. Себебі, жолдың бәрін әлі жасамаған. Ауылдың басынан аяғына дейін 4,5 шақырым жер бәрі балшық болып жатыр», - деді Айдар СМАҒҰЛОВ.

Исаев ауылында тұратын елдің саны жыл сайын артып келеді. Қазір 1280 адам тұрады.

«Исаев ауылының орталығынан осы мектепке дейін 2-2,5 шақырымдай болады. Сол Бұқар жырау көшесіне. Өздеріңіз көріп отырғандай тас төселген. Енді асфальттау жөнінде келесі жылы бюджетке қойдық. Ақша қалай аударылады солай болады», - деді Алматы облысы Елтай ауылдық округы әкімінің орынбасары Бекжан АБЖАН.

Елтай ауылдық округіне 9 ауыл қарасты. Ауданда соңғы 3 жылда 5 мектеп салынса, биылдың өзінде  5 білім ордасы пайдалануға беріліпті. Жыл аяғына дейін тағы 3 мектептің құрлысы аяқталмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров